Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

«Перизаттың соты, ұлының еміне жинаған қаражатты жымқырған ата-ана, Шерзат соты»: 2025 жылы болған атышулы оқиғалар

Фото: коллаж Todayinfo.kz 2025 жыл Қазақстанда сот залдары мен әлеуметтік желілерді қатар шулатқан резонансты істермен есте қалды. Ел назарын аударған оқиғалардың қатарында Перизат Қайрат ісі бойынша 3,5 миллиард теңгенің заңсыз игерілуі, блогер Аселина Батырдың 600 мың теңгелік

Автор Айғаным Нариманова··12 мин чтения
«Перизаттың соты, ұлының еміне жинаған қаражатты жымқырған ата-ана, Шерзат соты»: 2025 жылы болған атышулы оқиғалар
Фото: коллаж Todayinfo.kz 2025 жыл Қазақстанда сот залдары мен әлеуметтік желілерді қатар шулатқан резонансты істермен есте қалды. Ел назарын аударған оқиғалардың қатарында Перизат Қайрат ісі бойынша 3,5 миллиард теңгенің заңсыз игерілуі, блогер Аселина Батырдың 600 мың теңгелік “торт дауы”, сондай-ақ Шерзат Полат пен үш жасар Зере Есентайдың өліміне қатысты сот процестері бар. Бұл істер қоғамда қызу пікірталас туғызып, әділдік, жауапкершілік және заңның орындалуы туралы сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

“Жемқорлықпен күдікке ілініп, шетелге қашқандар ісі”

2025 жылы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты ірі істер қоғам назарында болды. Бұл жыл бұрынғы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жақындарына қатысты тергеулермен ерекшеленді. Наурыз айында оның туған інісі, экс-депутат Арғын Нығматулин бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен іздеуге жарияланып, тергеу басталмай тұрып елден кеткені хабарланды. Сәуір айында ІІМ Нұрлан Нығматулиннің ұлы, "Бәйтерек" пен "ҚазМұнайГаз-Аэро"-ның бұрынғы директоры Нұржан Нұрлановқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Кейін рейдерлік фактісі бойынша тергеу жүріп жатқаны айтылды, алайда мамырда оның бұл іс бойынша күдікті емес екені нақтыланды. Соған қарамастан, рейдерлікке қатысты Нұржан Нұрланов пен Нұрлан Нығматулиннің егіз ағасы, экс-сенатор Ерлан Нығматулинге байланысты шағым қаралуда. Сыбайлас жемқорлықтың символына айналған тағы бір іс –  LRT ісі жаңа кезеңге өтті. Мемлекетке 85,9 миллиард теңге көлемінде залал келтірді деп айыпталған "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасының бұрынғы басшысы мамыр айында Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Түркияның құқық қорғау органдары тарапынан Антальяда ұсталды. Оны экстрадациялау мәселесі қаралуда. Сондай-ақ бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, билік жүйесіндегі жауапкершілік мәселесін қайта көтерді.

Шерзат Полаттың ісі

Қоғамда үлкен резонанс тудырған қаралы жағдай Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы биыл 10 сәуірде басталды. Сот отырыстары бірнеше аптаға созылып, іс барысы ашық форматта өтті. Тыңдауларды тек журналистер ғана емес, қарапайым азаматтар да жіті бақылап отырды. Сот барысында тараптар бірқатар дәлелдер мен куәгерлердің жауаптарын ұсынды. Айыптау тарапы марқұмның өліміне алып келген жағдайлар тізбегін егжей-тегжейлі түсіндіріп, сараптама қорытындыларына сүйенді. Ал қорғау тарапы айыпталушының әрекетіне қатысты өз уәждерін айтып, кейбір айғақтардың заңдылығына күмән келтірді. Процесс кезінде сот залында куәгерлердің жауаптары арасында қайшылықтар болғаны, сондай-ақ кейбір куәгерлердің бұрын берген түсініктемелерін өзгерткені көпшіліктің назарын аудартты. Бұдан бөлек, сотта бейнежазбалар мен телефон деректері зерттеліп, олардың оқиғаға қатысы талқыланды. Шерзаттың өліміне қатысты 10 сәуірде басталған соттың шешімі 5 маусымда шықты. Осы аралықта барша қазақстандықтар сот процесін ашық түрде онлайн көріп, әр отырыс сайын әділ шешім болуын тіледі. Судья Ержан Жанұзақовтың басқарып отырған үкіміне сәйкес:
  • Абзал Шынасыл – 23 жыл 
  • Равиль Сакиев – 20 жыл
  • Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл (бұрынғы соттылықты қосып есептелді) 
  • Нұрқияс Ілиясов – 9 жыл 
  • Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет – әрқайсысы 7 жылға сотталған 
  • Думан Ысқақ (17 жас) 1 жыл 6 айға сотталды.
Сот жәбірленуші тараптың өтемдерін ішінара қанағаттандырып:
  • Абзал Шынасыл – 60 миллион теңге;
  • Сакиев – 30 миллион теңге;
  • Қалған сотталушылар (Д. Ысқақтан басқа) әрқайсысы 30 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуіне міндеттелді.
Жалпы Шерзат Полаттың отбасына сотталушылар 285 миллион теңгеден аса моралдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда сотталушылар үкіммен келіспейді. Шыңғыс Белғожаев пен Думан Ысқақтан басқа сотталғандар мен олардың қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді. Дегенмен 19 тамыз сот алдыңғы шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Шерзат Полат соты барысында да бірнеше оқиғалар орын алды:
  • Сот алдында біраз ақпарат жинап, сотқа жақындағанға дейін дайындалған Айтбек Амангелді бастаған бір топ адвокаттан Шерзаттың отбасы бас тартып, басқа адвокат жалдады.
  • Тамыз айында белгісіз жағдайда қала сыртынан денесі табылған  Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың ісі өз-өзіне қол жұмсау фактісімен жабылды.
  • Шерзат өліміне қатысты сотталғандардың туыстары Тоқаевтан көмек сұрады.
“Қайырымдылықтан 3,5 миллиард теңгеге жуық қаражат: Елді шулатқан Перизат Қайрат ісі” 2025 жыл ел жадында тағы бір резонансты сот процесімен де есте қалды. Қоғамда кең талқыланған істердің бірі – Перизат Қайратқа қатысты сот болды. Қайырымдылықпен айналысып, қоғам сеніміне ие болған тұлғаға миллиардтаған теңгені жымқырды деген айып тағылды. Бұл іс әлеуметтік желілер мен ақпарат кеңістігінде үлкен дау тудырды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол басқарған қайырымдылық қоры арқылы жиналған 3,5 миллиард теңгеге жуық қаражатты жеке пайдасына жұмсаған. Айыптау тарапы сотта бұл қаржыға:
  • Астана мен Алматы қалаларынан кемінде 2 пәтер;
  • қымбат маркалы бірнеше автокөлік пен қымбат брендтегі сөмке әшеке-бұйымдарды;
  • қаражаттың бір бөлігі жеке шоттарға аударылып, күнделікті тұрмыстық және сән-салтанат шығындарына;
  • шетелге демалысқа жұмсалғаны айтылды.
Сот барысында айтылған бұл деректер қоғамда қатты ашу туғызды. Өйткені аталған қаражаттың басым бөлігі су тасқынынан зардап шеккендерге және әлеуметтік көмекке деп жиналған. Куәгерлер мен прокурорлар сотта қор қаржысының нақты мақсатқа жетпегенін, ал есеп берудің ашық болмағанын алға тартты. Осы жайттар қоғамда қайырымдылық қорларының қызметіне бақылауды күшейту, халық сенімін теріс пайдалануға жол бермеу мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Нәтижесінде сот Перизат Қайратты ірі көлемдегі алаяқтық пен қаржыны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді және қайырымдылық қызметпен айналысуына ұзақ мерзімге тыйым салынды. Бұл үкім 2025 жылы әлеуметтік әділет, қоғамдық сенім және жауапкершілік тақырыптарын алдыңғы қатарға шығарған маңызды оқиғалардың бірі ретінде ел жадында қалды. Сот процесінде Перизат Қайраттың анасы – Ғайни Алашбаеваға қатысты деректер де жария етілді. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол қызы басқарған қайырымдылық қорының қаржылық операцияларына тікелей қатысқан. Айыптау тарапының мәліметінше, қорға түскен қаражаттың бір бөлігі анасының атына рәсімделген есепшоттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған, сондай-ақ жеке мақсатқа пайдаланылған. Сотта айтылғандай, Ғайни Алашбаева қаржыны бөлу, аудару және жасыру схемаларына қатысқан, ал кейбір мүлік пен шығындар оның атына тіркелген. Тергеу барысында жылжымайтын мүлік пен басқа да активтер анықталып, оларды заңсыз жолмен алынған табыс ретінде тәркілеу ұсынылды. Нәтижесінде сот Ғайни Алашбаеваны да ірі көлемдегі алаяқтық пен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған да мүлкін тәркілеу және белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салу жазасы тағайындалды. Бұл жайт қоғамда "отбасылық деңгейде ұйымдастырылған қаржылық қылмыс" туралы пікірлердің күшеюіне себеп болды.

“Қызғанып әйелін өлтіріп қоған: Жетісу облысындағы 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасы”

Тағы бір әлеуметтік резонанс тудырған оқиға – Айзат Жұманованың қазасы мен оның соттық тергеуі болды. 2025 жылдың маусым айында Жетісу облысының Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Алайда кейін жан тәсілім етті. Алғашында іс “абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын салу” деген баппен тіркелген. Кейін марқұмның туыстары мен көпшілік сұрақтарымен қайта сараптама жүргізілді. Екінші сараптама нәтижесі бойынша оқиға қасақана адам өлтіру ретінде қайта бағаланып, іс қылмыстық кодекстің 99‑бабы бойынша (кісі өлтіру) бабы бойынша өзгертіліп қайта қаралды. Сотта прокурор айыптау актісін жариялады. Онда тергеу нұсқасы бойынша, күйеуі Айбар Жанболат бірнеше күн бұрын ішімдік ішіп, жұбайының телефонын сындырғаны айтылған. Кейін ол қызғаныштан оның денесіне көп мөлшерде дене жарақатын келтіріп, түнгі сағаттарда ауруханаға өзі жеткізген. Сот процесінің жалғасында тәуелсіз сот‑медициналық сарапшы Тахир Халимназаров жауап берді. Ал қайта жүргізілген сараптама марқұмның бас миына ауыр зақым келгенін және бас сүйек, аяқ‑қол жарақаттары бар екенін көрсетті. Жәбірленушінің туыстары 100 миллион теңге моральдық зиян өндіруді талап етті. Сонымен бірге 1,5 миллион теңге өкілдік шығынды өтеуді сұрады. Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралуда. Алғашқы сот отырысы 27 қарашада басталып, айыптау актісі жарияланды. Прокурор тергеу материалдарын сотқа ұсынды және күйеуі Айбар Жанболатқа қылмыстық кодекстің 99‑бабы "Кісі өлтіру" бойынша айып тағылғаны белгілі болды.  Сот процессі әлі жалғасып, шешім алдағы уақытта шығатын болады. Бұл іс қоғамда отбасылық зорлық‑зомбылық пен әйелдерге қарсы қылмыстарға қатысты үлкен резонанс тудырды: көпшілік әлеуметтік желілерде әйелдердің қауіпсіздігі, қылмысты қалай дұрыс саралау және қоғамда мұндай жағдайларға жол бермеу қажеттігі туралы белсенді пікір таластырды.

“Ұлының еміне халықтан 1,5 миллиард теңге ақша жинап өз қажеттеріне жаратқан: Тотақановтар ісі”

Биыл болған тағы бір даулы іс – блогерлер Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты қылмыстық процесс. Іс елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр. Тергеу деректеріне сәйкес, ерлі-зайыпты әлеуметтік желілер мен төлем платформалары арқылы жиналған қаражатты заңсыз иемденді деген күдікке ілінген. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, Тотақановтарға аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру баптары бойынша айып тағылған. Прокурор соттан айыпталушылардың әрқайсысына 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Тергеу нұсқасына сай, ерлі-зайыпты ұлының еміне қажет деген желеумен халықтан 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат жинап, оны өздерінің жеке шоттарына аударған. Айыптау тарапы бұл қаражат кейін жеке мақсаттарға жұмсалған деп санайды. Ақшаның нақты қозғалысы мен пайдаланылуы сот тыңдаулары барысында зерттеліп жатыр. Сот отырыстарында прокурор айыптау дәлелдерін, құжаттар мен куәгерлердің жауаптарын ұсынды. Ал қорғау тарапы бұл айыптаулармен келіспей, өз уәждерін алға тартуда. Қазіргі таңда процесс жалғасып жатыр, іс бойынша түпкілікті үкім әлі шыққан жоқ. Бұл қылмыстық іс қоғамда кең резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде инфлюенсерлердің жауапкершілігі, қайырымдылық пен қаражат жинаудың заңды шеңбері, сондай-ақ сот процесінің ашықтығы мен әділдігі қызу талқылануда. Сот тыңдаулары алдағы кезеңдерде де жалғасады. Барлық тараптардың уәждері мен дәлелдері қаралғаннан кейін ғана сот шешімі шығарылады. “Атырауда жоғалып кеткен Яна Легкодимованың өлімі: Күдіктілер өмір бойына сотталды” Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс 2025 жылы ел көлемінде үлкен қоғамдық резонанс тудырған ауыр қылмыстық істердің біріне айналды. 23 жастағы Яна 2024 жылдың қазан айында Атырауда жоғалып кеткен еді. Тергеу деректеріне сәйкес, ол танысы Ризуан Хайржановпен кездесуге шыққаннан кейін қайта оралмаған. Бірнеше айға созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылдың 20 маусымында Жайық өзенінің жағасынан адамның сүйек қалдықтары табылып, сараптама олардың Яна Легкодимоваға тиесілі екенін растады. Сот процесі 2025 жылдың тамызында басталды. Айыпталушылар ретінде Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов жауапқа тартылды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар Яна Легкодимованы алдын ала сөз байласу арқылы өлтіріп, кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында денесін өзенге тастаған. Сотта тергеу барысында жиналған хат-хабарлар, марқұмның жеке күнделігі және өзге де материалдық дәлелдер ұсынылып, қылмыстың жоспарлы түрде жасалғаны айтылды. 2025 жылдың 17 қарашасында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты үкім шығарып, екі айыпталушыны да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Судья Зарема Хамидуллина олардың әрекеттерін аса ауыр қылмыс деп танып, айыптаушы тарап ұсынған дәлелдерді жеткілікті деп бағалады. Жәбірленуші тарап – Яна Легкодимованың анасы Галина Легкодимова мен мемлекеттік айыптаушылар соттан ең қатаң жаза қолдануды сұраған. Сонымен қатар, сот шешімімен әрбір айыпталушыдан 15 миллион теңге моральдық зиян және 1,7 миллион теңге материалдық шығын өндірілетін болды. Бұл шешім де қоғам назарын аудартты. Қазіргі таңда сотталғандардың апелляциялық шағымдары дайындалу үстінде. Іс материалдары апелляциялық сатыға жолданғанымен, жоғарғы инстанцияда қарау әлі басталған жоқ. “Хуторлық” деген атпен танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты сот шешімі” Биыл “Хуторлық” деген атпен танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты сот процесі болды. Ол 2024 жылғы 2 қарашада адам ұрлау, қорқытып ақша алу және қасақана ауыр дене жарақатын келтіру фактілері бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған болатын. Сот процесі 2025 жылдың 20 тамызында Талғар аудандық сотында басталып, мемлекеттік тілде ашық форматта өтті. Іс бойынша Қасымбаевтан бөлек тағы бес айыпталушы жауапқа тартылды. Тыңдаулар барысында куәгерлердің жауаптары, тергеу материалдары және тараптардың дәлелдері қаралды. Айыптау тарапы Қасымбаев пен өзге де фигуранттарға адам ұрлау, ауыр дене жарақатын қасақана келтіру және бопсалау баптары бойынша айып тақты. Тергеу материалдарында жәбірленушілердің көрсетулері қамтылды. Ал қорғау тараптары айыптаулармен келіспей, олардың жеткілікті дәлелдерге негізделмегенін алға тартты. 2025 жылғы 11 қарашада Талғар аудандық соты үкім шығарып, Хасан Қасымбаевты 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Осы іс бойынша басқа сотталушыларға да әртүрлі мерзімдерге жаза тағайындалды: Нұрмұхамбет Сұлтанбеков – 22 жыл, Руслан Әлиев – 20 жыл, Мадияр Қалымжанов – 12 жыл, Сайлау Ақтанов – 8,5 жыл, Данияр Асқаров – 8 жыл. Сотталғандардың бірқатары, соның ішінде Хасан Қасымбаев, үкіммен келіспей апелляциялық шағым беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. “30 000 теңге курс жасап, 3 миллион теңге айыппұл арқалаған Жанабыловтар ісі” Тағы бір маңызды әлеуметтік оқиға – блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың ұйымдастырған ұтыс ойыны жөніндегі іс болды. Олар Instagram‑дағы парақшаларында автокөліктер, смартфондар және басқа да бағалы сыйлықтарды ұтысқа салған ресми тіркелмеген лотереялар өткізгені үшін қоғам назарын аудартты. Бұл ұтыстарға қатысу үшін қатысушылардан әдетте 30 000 теңге тұратын оқыту курсын сатып алу талап етілген. Яғни фактілік түрде ақылы ойын ұйымдастырылғаны айтылды. Ал бұл заң бойынша рұқсатсыз лотерея өткізуге жататын әрекет. Соңынан бұл іс әкімшілік деңгейден жоғарылап, сотқа дейін жетті. Астана қаласында 2025 жылғы 5 қыркүйекте Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың әрекеттері бойынша мамандандырылған әкімшілік сотта процесс басталды. Іс Instagram‑дағы "zhanabylov_e" аккаунты арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырды деген дерекпен қаралды. Сот отырыстарында мемлекеттік орган өкілдері ұтыс ойындарының заң талаптарына сай өтпегенін, жеңімпаздардың қалай анықталғаны белгісіз екенін, арнайы жабдық (лототрон) қолданылмағанын және ашықтықтың жоқтығын алға тартты. Іс судьялар тарапынан да "лотереяның белгісі бар" ретінде бағаланды. Адвокаттар бұл ұтыс шарасын "маркетингтік акция" ретінде бағалап, оған қатысу шарттары заң талаптарына сәйкес емес деп саналғанын айтты. Алайда сот материалдарды кеңінен қарады. Нәтижесінде Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша әкімшілік сот тергеу жүргізіп, заңсыз ұтыс (лотерея) ұйымдастырғаны үшін 3 миллион теңге айыппұл және әлеуметтік желілерде белгілі бір қызметпен айналысуға уақытша тыйым салу жазасы кесілді. Сот процесінен кейін Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша апелляциялық шағым түсірілді. Бірақ сот шешімі негізінен өзгеріссіз қалдырылды. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде және қоғамда кең талқыланып, блогерлердің халықты таргеттейтін акцияларының заңдық мәртебесі мен жауапкершілігі туралы үлкен пікірталас тудырды. Президенттік органдар мен министрлік тарапынан осындай іс‑әрекеттердің заңсыз екенін ескерту жүргізілді және заңнама талаптарын бұзу салдары айыппұлдар мен әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкелетіні айтылды.

Похожие материалы

«Перизаттың соты, ұлының еміне жинаған қаражатты жымқырған ата-ана, Шерзат соты»: 2025 жылы болған атышулы оқиғалар · Todayinfo