Петропавлда бір жарым жылдан астам уақыт бойы әйелдің мазасын алған ер адамға сот үкімі шықты. Бұл – Қазақстанның сот тәжірибесінде «сталкинг», яғни өкшелеп аңду бойынша шығарылған алғашқы шешім, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Оқиға бір жарым жыл бұрын басталған. Жас келіншектің соңына бір жігіт түсіп, үнемі гүл беріп, қоңырау шалып, мазасын ала бастаған. Оның бұл әрекеті бірте-бірте агрессияға ұласқан.
Жәбірленушінің айтуынша, жігіт оны көшеде аңдып, жанжал шығарып, тіпті қол көтерген. Қызын жалғыз тәрбиелеп отырған ана өзінің және баласының өмірі үшін қорқып, басқа пәтерге көшуге мәжбүр болған.
Алайда сталкер оның қайда көшкенін біліп, ертесіне-ақ жаңа үйінің табалдырығынан табылған. Әйелдің әріптестері де оның жұмыс орны мен үйінің маңында жиі жүргенін көрген.
Ол пәтерге былапыт сөздер айтып, жұдырық ала жүгіріп, әйелді аулада шашынан сүйреген кездері де болған. Жәбірленуші полицияға бірнеше рет арыз жазып, оны бірнеше тәулікке қамауға алдырған.
"Сол кезде ғана артыма алаңдамай, тыныш ұйықтайтынмын. Бірақ ол көп ұзамай қайтадан пайда болатын. Маған тағы да көшуге тура келді. Алайда бұл да көмектеспеді. Ол күнде дерлік подъезге кіріп алып, мені аңдып тұратын", - дейді жәбірленуші.
Әйелдің туыстары мен әріптестері ғана емес, көршілері де алаңдаушылық білдірген. Олар подъезде бөтен ер адамның тұрғанын жиі көріп, екеуінің арасындағы жанжалды естіп отырған.
Бір апта бұрын жәбірленуші полицияға кезекті рет арыз жазған. Бұл жолы тергеу қысқа мерзімде жүргізіліп, іс дереу сотқа жолданды. 28 қаңтарда ер адамға қатысты үкім шықты.
Сот оны бас бостандығынан айырмады. Оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту, алкогольді ішімдіктерді ішуге тыйым салу, полицияға уақытылы барып тұру және жәбірленушімен ешқандай байланысқа түспеу жазасы тағайындалды.
Қазір әйел мен оның қызының қауіпсіздігін жергілікті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қамтамасыз етіп отыр. Оларға екі полиция қызметкері бөлінген.
Фото: Әлеуметтік желіден




