Алматы облысында екі тергеушінің ісі сотқа жетті. Олар Талғар ауданында болған сұмдық қылмысқа қатысты дер кезінде шара қолданбады деп айыпталуда. Прокурорлардың пайымдауынша, полицейлердің салғырттығы ер адамның өліміне, әйелдің зорлануына және екі жасар сәбидің ұрлануына әкеп соққан, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Еске сала кетейік, былтыр 6 қыркүйекте Талгар ауданының Қызылқайрат ауылында ер адамның өлтіріліп, екі жасар қыздың ұрланғаны белгілі болды. Оқиғадан бір ай бұрын техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысшысы жергілікті тұрғынды зорлап, оны бопсалап келген.
Жәбірленуші әйел полицияға арыз жазғанымен, тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбаған. Керісінше, күдіктіні қамаудан босатқан. Осыдан кейін ол әйелдің ағасын өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кеткен.
Полициядан қашу кезінде күдікті көлікті сәбимен бірге жардан құлатқан. Қыз бала аман қалып, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, оған ота жасалды. Осы оқиғадан кейін Алматы облысының прокуратурасы полицейлердің әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша сот жабық режимде өтіп жатыр. Басты күдіктіге 12 түрлі қылмыс бойынша айып тағылған. Сондай-ақ сотталушылар орындығында кісі өлтіруге және адам ұрлауға қатысы бар деген күдікпен тағы екі жасөспірім отыр.
Фото: Әлеуметтік желіден



