Белгілі кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің құдағиы әлеуметтік желідегі пікірге қатысты жауап берді. Желі қолданушысының оның отбасының терісінің түсін тілге тиек етуі қоғамда қызу талқы тудырды, деп хабарлайды Todayinfo.kz сайты.

Әлеуметтік желідегі суретке пікір қалдырған қолданушылардың бірі жас жұбайларға ақ тілегін білдіре отырып: «Өздері қара болса да, құдаларымыздың жүректері әппақ екені көрініп тұр», – деп жазған.

Сонымен қатар ол екі отбасының татулығын тілеп, жаңа түскен келіннің бақытты болуын сұраған.

Алайда бұл пікірге Мұхтар Жәкішевтің құдағиы ағылшын тілінде жауап берген.

Ол: «“Even though they are black…” I’m not sure whether to laugh or cry» («“Қара болса да…” деген сөзді оқып, күлейін бе, жылайын ба білмеймін»), – деп таңданысын білдірген.

Оның бұл жауабы желіде үлкен пікірталас туғызды. Пайдаланушылардың бір бөлігі қазақ тіліндегі «қара» сөзінің бұл тұрғыда жағымсыз мағынасы жоқ екенін, «қарапайым» дегенді білдіретінін айтса, екінші тарап адамның сыртқы келбеті мен терісінің түсіне назар аударудың орынсыз екенін алға тартты.