Қазақ хандығында малмен қатар егіншілік, қолөнер, сауда және қалалар дамыды. Профессор Кәрібаев қалалардың экономикадағы рөлін түсіндірді.
Қазақ хандығы дәуіріндегі шаруашылықты тек «көшпелілер мал бақты» деген түсінікпен шектеу – тарихтағы күрделі экономикалық көріністі тарылтып көрсету. XV–XVIII ғасырларда қазақ қоғамының тіршілігі мал шаруашылығымен қатар егіншілік, қолөнер, сауда-айырбас және қалалық өмірмен қатар өрбіді.
Бұл туралы
Todayinfo порталы
ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев шаруашылықтың алуан түрі жердің географиясына тікелей байланысты болғанын айтады. Қазақстан аумағында таулы өңір де, өзен-көлге бай аймақ та, шөл және шөлейт белдеу де қатар орналасқандықтан, бір ғана үлгідегі экономика болуы мүмкін емес.
Ғалымның сөзінше, шөл және шөлейт аймақтарда көшпелі мал шаруашылығы қола дәуірінен бері қалыптасқан. Бірақ XV ғасырдан бастап шаруашылық құрылымында мал басым болғанымен, оның өзі бірнеше бағытқа бөлінді.
Мал шаруашылығының 4 үлгісі және оған қосылған басқа кәсіптер
Берекет Кәрібаевтің айтуынша, мал шаруашылығы көшпелі, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы және отырықшы болып төртке жіктеледі. Бұл – бір ғана «көшпелі өмір» деген жалпылама сөздің артында қанша түрлі тәжірибе жатқанын көрсетеді.
Осы үлгілермен қатар қазақ қоғамында негізгі болмаса да, экономиканың маңызды бөлігіне айналған кәсіптер болды. Соның ішінде өзен аңғарларындағы егіншілік пен бау-бақша, қалалардағы қолөнер, сондай-ақ ішкі және сыртқы сауда-айырбас ерекше орын алды.
Отырықшылықтың көне ошақтарының бірі ретінде Сырдарияның жоғарғы және орта ағысы аталады. Мұндай өңірлерде тұрақты қоныстар пайда болып, уақыт өте әкімшілік және сауда орталықтарына айналған қалалардың қалыптасуына негіз болды.
Қалалар – тек билік емес, экономиканың жүрегі
Орта ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда ондаған қаланың болғаны белгілі. Жетісуда қалалардың дамуына Ұлы Жібек жолы ықпал етсе, Оңтүстік Қазақстанда қалалар көбіне отырықшы шаруашылықтың нәтижесінде қалыптасты.
Ал Батыс Қазақстанда, Жайық бойындағы елді мекендер мен қалалардың пайда болуына саяси факторлар да әсер еткен. Яғни қала – тек сауда орны емес, мемлекеттің басқару тетігі ретінде де қажет болған.
Ең көп зерттелген қалалы өңір – Оңтүстік Қазақстан. Мұндағы қалалар алдымен экономикалық орталық рөлін атқарғанының айқын мысалы ретінде Отырар аталады. Профессордың айтуынша, Отырарда шыны өндірісі, кірпіш күйдіру сияқты шеберханалар жұмыс істеп, егіншілік, бау-бақша және сауда қатар дамыған.
Жазба деректер мен археология Сырдарияның орта ағысы бойында, яғни Шымкент пен Қызылорда аралығында шамамен 30 қамал-қала болғанын көрсетеді. Ауқымы мен халқының санына қарай олар ұсақ, орта және ірі қалаларға бөлінген.
Ірі қалалардың қатарына Сығанақ, Сауран, Яссы, Отырар, Сайрам, Созақ кіреді. Ғалым әр қаланың қызметі әртүрлі болғанын айтады: бірі әкімшілік, бірі әскери, бірі сауда-айырбас пен экономика, енді бірі діни-рухани орталық ретінде танылған.
Ортағасырлық қалалардағы сауда қарқынын сол дәуірдің жазба деректері де суреттейді. Мысалы, Рузбех-хан Исфахани «Михман наме-и Бұхара» еңбегінде Сығанақ базарының өте қызу болғанын жеткізеді: «таңертең базарда 500 түйе сойылса, кешке дейін бір жапырақ ет қалмайды» деген сипаттама қалдырған.
Берекет Кәрібаев бұл деректе әсірелеу болуы мүмкін екенін ескертеді, бірақ ол заманда қала тіршілігі мен сауда айналымының қаншалықты қарқынды жүргенін аңғартады дейді. Осындай экономикалық қызу өмір тек Сығанақта ғана емес, Отырар, Яссы, Сауран, Сайрам, Созақ сияқты орталықтарда да жалғасқан.
Қорытындысында ғалым «көшпелілерді тек малмен шектеп көрсету» ғылыми тұрғыдан негізсіз екенін атап өтеді. Қазақ хандығының экономикасы – географияға бейімделген, малмен қатар егін, қолөнер, базар мен қаланы қатар ұстай алған көпқырлы жүйе.