Қазақстанда WhatsApp пен Telegram мессенджерлерін қолдануға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми түсінік берді.
Ресми түсініктеме
Министрліктің хабарлауынша, тараған ақпарат – жалған.
«Шетелдік мессенджерлерді жеке пайдалану шектелмейді. Қолданушылар үшін ешқандай тыйым енгізілмейді», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Негізгі өзгерістер
Ведомство түсіндіргендей, Aitu мессенджерін енгізу бастамасы тек орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметтік коммуникациясына қатысты.
Aitu:
-
қызметтік хат алмасу;
-
жұмыс чаты;
-
жедел хабарландырулар;
-
мемлекеттік цифрлық платформалармен өзара іс-қимыл үшін негізгі құрал болмақ.
Басты артықшылығы – барлық серверлері Қазақстан аумағында орналасқан.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік қызметшілер 15 қыркүйекке дейін ұлттық мессенджер Aitu-ға толық көшуі тиіс екенін мәлімдеген еді.




