Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі орташа зейнетақы көлемін жариялады.
Статистика
Ведомство дерегінше, 2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 2 трлн 451,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде:
-
базалық зейнетақыға – 793 млрд теңге,
-
ынтымақты зейнетақыға – 1 трлн 658,4 млрд теңге бағытталды.
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 2 млн 497 мың зейнеткер бар. Орташа зейнетақы көлемі 143 097 теңге болды. Оның ішінде:
-
ынтымақты зейнетақы – 95 491 теңге,
-
базалық зейнетақы – 47 606 теңге.
Айта кетейік, 1 шілдеде орташа зейнетақы 143 529 теңге болған еді.
Өсім мен индексация
Министрлік еске салғандай, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 6,5%, ал ынтымақты зейнетақы 8,5% өсті. Бұл инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде минималды базалық зейнетақы жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал максималдысы – 120%-ына дейін жеткізілмек.




