Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Аудандарды алалау: Қостанай облысының әкімдігі ауыл шыршаларын жағуға 200 млн теңгедей жұмсаған

Фото: baq.kz Тәуелсіздік күнінен кейін елімізде жаңа жылға дайындық қыза түсетіні белгілі. Қалалар мен аудандар орталық алаңдарын безендіріп, шырша жағып, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырады. Биыл Қостанай облысында жаңа жылдық безендіру мен мерекелік шараларға 197 млн

Автор Айғаным Нариманова··4 мин чтения
Аудандарды алалау:  Қостанай облысының әкімдігі ауыл шыршаларын жағуға 200 млн теңгедей  жұмсаған

Фото: baq.kz

Тәуелсіздік күнінен кейін елімізде жаңа жылға дайындық қыза түсетіні белгілі. Қалалар мен аудандар орталық алаңдарын безендіріп, шырша жағып, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырады. Биыл Қостанай облысында жаңа жылдық безендіру мен мерекелік шараларға 197 млн 683 мың теңге бөлінген, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Алайда редакцияның сауалына жауап ретінде, бұл қаржы өңір аудандарына теңдей үлестірілмеген. Кейбір қалалар ондаған миллион теңге жұмсаса, кей аудандар мүлде бюджет қарастырмаған немесе тек демеушілер есебіне сүйенген.

Жітіқара ауданы: 22,9 млн теңге – безендіру мен мұз сырғанағына

Жітіқара қаласында жаңа жылдық безендіруге 22 млн 873,6 мың теңге бөлінген. Қаражат мерекелік иллюминацияларды жөндеу және орнату, Тәуелсіздік алаңындағы шыршаны безендіру, сондай-ақ балаларға арналған құйылмалы мұз сырғанағын орнату мен күтіп ұстауға бағытталған.

Әкімдік бұрынғы элементтердің жаңартылғанын, неон гирляндалардың энергия үнемдейтінін және жаңа «Шатыр» декоративті құрылымы орнатылғанын атап өтеді. Биылғы шығын былтырмен салыстырғанда артқан.

Федоров ауданы: 10 млн теңге – мерекелік шараларға

Федоров ауданында жаңа жылдық іс-шараларға 10 млн теңге бөлінген. Қаражат шыршаны монтаждауға, орталық алаңды және спорт алаңын безендіруге, жарықтандырылған мәтіндер дайындауға, сондай-ақ мерекелік іс-шараларды өткізуге жұмсалады.

Іс-шаралар 19–31 желтоқсан аралығында жоспарланған. Аудан орталығында балаларға арналған ертеңгіліктер мен тұрғындарға арналған мәдени шаралар өтпек.

Сарыкөл ауданы: шығын қысқарған

Сарыкөл ауданында жаңа жылдық іс-шараларға 6 млн теңге жұмсалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 млн теңгеге аз. Қаражат орталық алаңды безендіруге, сахналық қойылымдарға, балалар ойындарына және жаңа жылдық салютке бағытталған.

Әкімдік барлық шаралар мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асқанын және энергия үнемдеу талаптары сақталғанын хабарлады.

Рудный қаласы: 46,3 млн теңге және үнемдеу бар

Рудный қаласында жаңа жылдық безендіру мен мерекелік іс-шараларға 46,3 млн теңге бөлінген. Қаражат екі шыршаны монтаждауға, сахналық реквизиттер мен отшашу ұйымдастыруға жұмсалған.

Билік өкілдері 2025 жылғы шығындар 2024 жылмен салыстырғанда 9,9 млн теңгеге қысқарғанын айтады.

Бейімбет Майлин ауданы: 7,5 млн теңге – екі ауылға

Ауданда жаңа жылдық іс-шараларға 7,5 млн теңге қарастырылған. Қаражат екі ауылда шырша, қарлы қалашық, сырғанақ пен жарықдиодты құрылымдар орнатуға жұмсалады. Шығын былтырмен салыстырғанда 3 млн теңгеге артқан.

Науырзым ауданы: бюджеттен бір тиын да бөлінбеген

Науырзым ауданында биыл жаңа жылдық безендіруге мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлінбеген. Ауылдарда мерекелік шаралар демеушілер есебінен ұйымдастырылады, ал аудан орталығында бұрынғы шырша қайта орнатылады.

Меңдіқара ауданы: тек бір ауыл, қалғанына – нөл

Меңдіқара ауданында тек Боровской ауылына 1,79 млн теңге бөлінген. Оның ішінде отшашуға – 900 мың, гирлянда мен ойыншықтарға – 890 мың теңге қарастырылған. Қалған ауылдық округтерге бюджеттен қаржы бөлінбеген.

Лисаков қаласы: 9 млн теңге, былтырғы шығын әлдеқайда көп

Лисаковта жаңа жылдық безендіруге 9 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Былтыр қала жаңа шырша сатып алғандықтан шығын 19,7 млн теңгеге жеткен. Биыл негізгі материалдар қайта пайдаланылған.

Тобыл қаласы: 20 млн теңге – өзгеріссіз

Тобыл қаласында жаңа жылдық безендіруге 20 млн теңге бөлінген. Бұл – былтырғы деңгеймен бірдей. Қаражат жаңа инсталляциялар орнатуға және өткен жылғы декорацияларды қалпына келтіруге жұмсалған.

Қостанай қаласы: ең қомақты қаржы – 86 млн теңге

Облыс орталығы Қостанайда жаңа жылдық мерекелеуге 86 млн теңге бөлінген. Мұз қалашығы, бірнеше жасанды шырша, сырғанақтар, мұз айдындары мен ондаған мәдени іс-шара жоспарланған. Мерекелік шараларға ғана шамамен 6 млн теңге қарастырылған.

Әулиекөл ауданы: 4,4 млн теңге, қысқарған бюджет

Әулиекөл ауданында жаңа жылдық безендіруге 4,4 млн теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млн теңгеге аз.

Арқалық қаласы: 5,7 млн теңге – былтырғы деңгей

Арқалықта жаңа жылдық безендіруге 5,7 млн теңге қарастырылған. Шығын көлемі өткен жылмен бірдей.

Қорытындылай келе, Қостанай облысында жаңа жылдық безендіруге қомақты қаржы бөлінгенімен, аудандар арасындағы айырмашылық айқын. Бір жерде ондаған миллион теңге жұмсалса, кей аудандар мерекені демеушілердің көмегімен қарсы алмақ. Бұл жағдай өңірлік саясаттағы теңсіздік пен басымдықтардың қалай белгіленетінінтағы бір мәрте көрсетіп отыр.

Похожие материалы

Аудандарды алалау: Қостанай облысының әкімдігі ауыл шыршаларын жағуға 200 млн теңгедей жұмсаған · Todayinfo