Семейде атышулы іс бойынша құрылыс компаниясы басшыларына үкім шығарылды, деп хабарлайды Абай облыстық желілік басылымы abainewskz.
2026 жылғы 12 маусымда Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Dala-SK» құрылыс компаниялары тобының басшыларына қатысты үкім шығарды.
Сотта анықталғандай, Ж. мен Н. 2022 жылдың қазан айынан 2024 жылдың желтоқсанына дейін Өскемен қаласында үлестік құрылысқа қатысушылардан заңсыз түрде 1,5 млрд теңгеден астам қаражат тартқан. Сот мәліметінше, осыған ұқсас схема Семейде де жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 2023 жылдың мамырынан 2025 жылдың наурызына дейін Ж. мен Р. үлескерлерден тағы 1,5 млрд теңгеден астам қаржы жинаған.
Бұдан бөлек, Ж. мен Р. салынып жатқан «Irtysh Riverside» тұрғын үй кешенінен пәтерлерді брондау туралы келісімшарттарды 13 азаматпен жасаған. Бұл эпизод бойынша келтірілген шығын көлемі 193 млн теңгеден асып, қазіргі уақытта толық өтелген.
Сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және іс материалдарымен дәлелденген. Алайда сотталушылар кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.
Нәтижесінде сот Ж.-ны кінәлі деп танып, оны 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға және 10 жыл бойы құрылыс саласында қызметпен айналысу құқығынан айыруға үкім шығарды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі 5 жыл 4 айға дейін қысқартылды.
М. ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 10 жылға құрылыс саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды. Рақымшылыққа сәйкес оның жаза мерзімі 4 жылға дейін қысқартылды.
Н. Өскемендегі эпизод бойынша ҚР ҚК-нің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бұл эпизод бойынша шығынның және азаматтық талаптардың болмауына байланысты ол рақымшылық аясында қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Үкімдер әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Сондай-ақ сот жәбірленушілердің 11 талабын қанағаттандырып, Ж. мен Р.-дан 149 млн теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім қабылдады. Жәбірленушілердің талаптарын қамтамасыз ету мақсатында мүлікке салынған тыйымдар мен өзге де шектеулер сақталды.




