ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қытайда өмір бойына сотталған қазақстандық азаматша Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбайдың Қазақстанға қайтарылғаны жөніндегі мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта ол елге әлі жеткізілген жоқ.
«Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қарамастан, Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстан аумағына әкелінген жоқ. Дегенмен, оны елге қайтару бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Ержан Ашықбаев.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, бұл мәселе Қазақстан мен Қытай арасындағы қолданыстағы халықаралық келісімдер аясында қарастырылуда. Құзырлы органдар тиісті дипломатиялық және құқықтық рәсімдерді сақтай отырып, келіссөздер жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақжарқын Тұрлыбайдың Қазақстанға жеткізілгені туралы ақпарат кеңінен тараған болатын. Алайда ресми органдар бұл мәліметті жоққа шығарды.
Еске салсақ, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайда есірткі тасымалдады деген айыппен ұсталып, кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, Қазақстанда бірнеше рет оның тағдырына қатысты қоғамдық талқылаулар мен үндеулер көтерілген.




