Фото: gov.kz
Степногорск қаласында қысқы кезеңде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қар тазалау жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатыр. Қала аумағында тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы техника мен жол жұмысшылары жұмылдырылған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
Қазіргі таңда қар тазалау жұмыстарына 21 бірлік арнайы техника тартылған. Оның ішінде 1 автогрейдер, 5 самосвал, 2 КДМ, 5 МТЗ тракторы, 7 жүк тиегіш (погрузчик) және 1 бобкат техникасы бар. Сонымен қатар, қала көшелерін тазалауға және жолдарды күтіп ұстауға 37 жол жұмысшысы қатысуда.
Қар жауған жағдайда тазалау жұмыстары алдымен қоғамдық көлік қозғалысы жүретін негізгі бағыттардан басталады. Ең әуелі автобус жүретін жолдар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарға – мектептерге, балабақшаларға, емханалар мен басқа да медициналық мекемелерге апаратын кіреберіс жолдар тазаланады. Одан кейін қаланың басты және қосалқы көшелері, шағынаудандардағы автотұрақтар мен аумақтар кезең-кезеңімен қардан аршылады.
Сонымен қатар, көше жолдарының жүріс бөліктері, жаяу жүргіншілер жолдары және қоғамдық көлік аялдамалары инертті материалдармен уақтылы өңделіп, тайғақтың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл күрделі ауа райы жағдайлары туындаған кезде жол-көлік оқиғаларының алдын алып, көлік қозғалысының үздіксіз жүруіне мүмкіндік береді.
Қалада пайдалануға арналған құм-тұз қоспасының қоры 50 тоннаны құрайды. Бұл қор көктайғақ кезінде жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті көлемде дайындалған.
2025 жылғы қараша айынан бастап бүгінгі күнге дейін арнайы мердігер ұйымдар, бизнес субъектілері мен кәсіпорындардың күшімен қала аумағынан қар полигонына шамамен 57 620 текше метр қар шығарылған. Бұл көрсеткіш коммуналдық қызметтердің қысқы кезеңге дайындық деңгейінің жоғары екенін және қар тазалау жұмыстарының жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, қар түсу қарқынына байланысты техника саны мен жұмысшылар күші қажет болған жағдайда қосымша тартылатын болады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы қозғалысы басты назарда қалып отыр.




