Ақмола облысында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған ірі шаралардың бірі – өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты WorldSkillsAqmola-2026 өтуде. Аталған чемпионат 2026 жылғы 6-10 сәуір аралығында Степногорск қаласындағы Ақмола облысы білім басқармасына қарасты Жоғары колледж базасында ұйымдастырылып отыр, дп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің кәсіби шеберлігін арттыру, нақты өндірістік дағдыларын көрсету, мамандар даярлау сапасын жақсарту және халықаралық білім беру стандарттарын енгізу. Чемпионатты Ақмола облысының білім басқармасы мен Степногорск қаласының Жоғары колледжі бірлесіп өткізуде.
Чемпионатқа Ақмола облысындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен сарапшылары қатысуда. Қатысушылар геодезия, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану, кәсіпкерлік бастамалар, бейнемонтаж, зертханалық және химиялық талдау, визуалды мерчандайзинг және витринистика, экскаватор басқару, сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарда токарлық және фрезерлік өңдеу сияқты сұранысқа ие бағыттар бойынша бақ сынауда.
Чемпионат бағдарламасына сәйкес, 6-8 сәуір аралығында CNC станоктарында токарлық жұмыстар бойынша жарыстар өтсе, 9-10 сәуір күндері қалған негізгі құзыреттер бойынша сайыстар ұйымдастырылады. 9 сәуірде чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жалпы, WorldSkillsAqmola-2026 чемпионатына Степногорск қаласының Жоғары колледжінен 34 қатысушы мен 19 компатриот ұсынылып, олар 23 құзырет бойынша өнер көрсетуде. Чемпионат кезеңінде колледж алаңында Ақмола облысының 12 білім беру ұйымынан келген 84 қатысушы мен 9 бас сарапшы жұмыс істеуде. Олардың ішінде 54 қатысушы және 30 компатриот бар. Колледж намысын 17 қатысушы мен 9 компатриот қорғауда.
Сонымен қатар, аталған колледж студенттері облыстың басқа да оқу орындарында орналасқан конкурс алаңдарында өтіп жатқан жарыстарға белсенді қатысуда. Бұл бағытта 17 қатысушы мен 10 компатриот 13 құзырет бойынша сынға түсуде.
Чемпионат аясында кейбір құзыреттер арнайы жабдықталған заманауи орталықтарда ұйымдастырылған. Атап айтқанда, токарлық және фрезерлік жұмыстар «Машина жасау технологиясы» құзыреттер орталығында өтсе, «Зертханалық және химиялық талдау», сондай-ақ «Визуалды мерчандайзинг және витринистика» бағыттары колледждің тиісті мамандандырылған орталықтарында жүзеге асырылуда.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл алаңдар студенттерге өндірістік жағдайға барынша жақын ортада тәжірибеден өтіп, өз дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай чемпионаттар жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып қана қоймай, өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға, білім беру жүйесі мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
WorldSkillsAqmola-2026 – жастардың кәсіби дамуына жол ашатын, заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауға бағытталған маңызды алаңдардың бірі.




