Фото: Мақат тынысы
«Байтақ» жасылдар партиясы төрағасының орынбасары Бастаубаев Жұмабек Әндешұлының айтуынша, бүгінде экология мәселесі тек табиғатты қорғау саласымен шектелмейді. Бұл – халық денсаулығына, елдің экономикалық қауіпсіздігіне және болашақ ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, партия қызметінің негізінде «Таза ауа, таза су, таза жер – таза адами қарым-қатынас» қағидасы жатыр. Бұл ұстаным «Байтақтың» экологияны жеке сала ретінде емес, мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Бастаубаевтың айтуынша, табиғатқа келтірілген залал үшін жауапкершілік жүктелмейінше, елдің тұрақты дамуы туралы айту мүмкін емес.
Экология – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты
Бастаубаев Жұмабек соңғы жылдары экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, ауаның ластануы, су тапшылығы мен биоәртүрліліктің азаюы қоғам үшін нақты қауіпке айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үрдістер ең алдымен халықтың денсаулығына әсер етіп отыр.
Осыған байланысты «Байтақ» партиясы флора мен фаунаны қорғауды, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды және экологиялық саясатты цифрландыруды мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттар қатарына қосуды ұсынады. Сондай-ақ экологиялық сананы бала жастан қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударылады.
Өңірлік проблемалар – партия назарында
Бастаубаевтың пікірінше, Алматы қаласындағы ауаның ластануы – жүйелі шешімді талап ететін мәселе. Ескі жылу электр станциялары, көлік тығыздығы мен жасыл аймақтардың қысқаруы қала тұрғындарының өмір сапасын төмендетіп отыр. Осы ретте партия ЖЭО-ларды жаңғырту процесіне қоғамдық және ғылыми бақылау енгізуді, сондай-ақ экологиялық мониторингтің ашық болуын талап етеді.
Алматы облысына қатысты ол су ресурстары мен ауыл шаруашылығының өзара байланысын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Алматы апортын қайта жаңғырту – тек ауыл шаруашылығы жобасы емес, ұлттық брендті және экологиялық мәдениетті қайта тірілтудің бір жолы.
Абай облысындағы жағдайға тоқталған Бастаубаев Семей ядролық полигонының салдары әлі күнге дейін халық денсаулығына әсер етіп отырғанын жеткізді. Бұл өңірде экологиялық әділеттілік, ғылыми зерттеулер мен зардап шеккен тұрғындарға нақты қолдау қажет екенін айтты.
Жетісу облысындағы Балқаш–Алакөл бассейніне қатысты ол бұл аймақтың ұлттық маңызы бар экожүйе екенін атап өтіп, биоәртүрлілікті қорғау мен экологиялық туризмді қатар дамыту қажеттігін алға тартты.
Сөз емес, іс маңызды
Бастаубаев Жұмабектің айтуынша, «Байтақ» жасылдар партиясы қысқа уақыт ішінде экология бағытында жүзден астам іс-шара өткізген. Қазіргі таңда партия қатарында 110 мыңнан астам мүше бар. Сонымен қатар климаттың өзгеруі, су қауіпсіздігі және энергетикалық реформалар мәселелері бойынша отандық және халықаралық сарапшылармен бірлескен жұмыс жүргізіліп келеді.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары экологиялық жауапкершілікті күшейтуге бағытталғанын атап өтіп, «Байтақ» партиясы экологияны нақты саяси шешімдер деңгейіне көтеруді мақсат ететінін жеткізді.
Таза табиғатсыз – салауатты ұлт қалыптаспайды, – дейді Бастаубаев.
Ал экологияны кейінге ысыру – ел болашағын тәуекелге тігумен тең.




