Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аналар күніне орай анасы Тұрар Шабарбаева туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Бүгін – Аналар күні. Осы атаулы күнге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің анасы Тұрар Шабарбаева туралы жүрекжарды естелігін бөлісті. Бұл – қарапайым да асыл ананың бейнесі арқылы бүкіл аналарға деген құрметтің көрінісі.
Президенттің айтуынша, олардың шаңырағы қарапайым тұрмыста өмір сүрген. Төрт баланың анасы болған Тұрар апай ұзақ уақыт үй шаруасымен айналысып, бар өмірін балаларына арнаған. Отбасының жалғыз асыраушысы – әкесі еді. Кейде ол кісі жазған еңбектерінен қаламақы алып жатса, бұл отбасы үшін кішігірім мерекеге айналатын.
Анасы жас кезінде-ақ сән-салтанаттан бас тартып, әшекей мен қымбат киімнен өз еркімен шектелген жан болған. Оның басты құндылығы – перзенттері. Бала-шағасының болашағы үшін өз армандарын да, қалауын да кейінге ысырып отырған. Тіпті өзіне қажетті дүниеден гөрі, немерелерінің қажетін өтеуді жөн көретін.
Президент анасының өміріндегі шешуші сәттерде қалай қолдау білдіргенін де тебірене еске алады. Кеңес Одағы тараған тұста Мәскеуде қалу немесе елге оралу жөнінде маңызды шешім қабылдау қажет болғанда, анасы:
«Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деген бір ауыз сөзбен бағыт сілтеген.
Бұл сөз Тоқаев үшін бұлжымас шешімге айналыпты.
Анасы кейбір шенеуніктердің аяқасты байып кетуін көре тұра, мұндай өмір салтының баянсыз екенін үнемі айтып отырған. Ол ұл-қыздарына адалдық, қарапайымдық пен ар-ұят секілді құндылықтарды бойға сіңіруге тырысты.
«Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі кеңес беретін.
Бала кезінен Тоқаев анасының мағыналы әңгімелерін, өмірлік ұстанымдарын тыңдап өскен. Анасының пайым-парасаты, байсалдылығы мен көрегендігі оның дүниетанымының қалыптасуына зор ықпал еткен.
Тұрар Шабарбаева – нағыз ана. Ол ұсақ-түйекке дейін мән беріп, балалардың тәрбиесіне ерекше ден қойған. Бірде-бір ата-аналар жиналысын жібермеген. Балаларының ұстаздарын жақсы таныған. Перзенттерінің қуанышы мен қайғысын бірге бөліскен. Оның өмірі – мейірім мен жанашырлықтың үлгісі.
Президент естелігін қорытындылай келе, барша жұртты ананың қадірін білуге, оларды ардақтауға шақырды:
«Аналардың қадірін біліп, әрдайым құрмет көрсетіп, ардақтап жүріңіздер!»




