Todayinfo.kz
Туркестанская область

Түркістан облысында биыл 1 млн көшет отырғызылады

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында республика көлемінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес, облыстың орман қоры жерлеріне 2021–2027 жылдары 110 мың гектар аумаққа 170 млн көшет егу бойынша к

Автор Жаннұр Еділбаева··4 мин чтения
Түркістан облысында биыл 1 млн көшет отырғызылады

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында республика көлемінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес, облыстың орман қоры жерлеріне 2021–2027 жылдары 110 мың гектар аумаққа 170 млн көшет егу бойынша кешенді жоспар бекітілді. Бүгінде 2021–2025 жылдары 96 мың гектар жерге 146 млн түп көшет егілді. Жоспар 116 пайызға артығымен орындалды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Облыс басшысы жауапты басқарма жетекшілері мен аудан, қала әкімдеріне көктемгі ағаш егу жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, бекітілген жоспардың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар кейбір аудандарда суару жүйелері мен қоршау жұмыстарының төмен деңгейде жүргізіліп жатқанын сынға алып, көшет отырғызу сапасын күшейтуді талап етті.

Жиында көктемгі ағаш егу жұмыстарына дайындық барысы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов баяндама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, 2026–2027 жылдары қалған 14 мың гектар жерге 24 млн түп көшет отырғызу жұмыстары толық аяқталады. Биыл наурыз айында 13 600 гектар жер жырту жоспарланған.

2025 жылы облыстағы орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты 22 тұқымбақта 30 млн-ға жуық көшет өсіріліп, орман алқаптарын толықтыруға 10 млн-нан астам көшет егілді.

Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, елді мекендерді көгалдандыру аясында облысқа 1,1 млн көшет отырғызу тапсырылған. Өткен жылы 1 065 139 түп көшет егілді. Ал 2026 жылы 1 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 312 мың көшет аудан-қалаларға таратылған. Көктемгі маусымға дайындық аясында 374 гектар жер қамтылып, суару жүйелері 80 пайызға, қоршау жұмыстары 84 пайызға орындалған.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 13 аудан мен қалада жер бөлініп, тұқымбақтар ашылды.

Биыл Наурызнама аясында 23 наурыз – Тазару күніне орай жаппай ағаш отырғызу және тазалық акциялары өтті. Нәтижесінде 46 гектар жерге 32 256 түп көшет отырғызылып, 821 гектар аумақ тазартылып, 1032 тонна қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ Түркістан қаласы маңында 30 мың гектар аумақта «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы жүзеге асуда. Қазіргі таңда оның 29 544 гектары мемлекеттік орман қоры санатына енгізілген. 2026 жылғы жоспарға сәйкес, көктемде 100 гектарға 294,1 мың түп сексеуіл, ал күзде 9 415 гектар аумаққа 776 мың түп жапырақты ағаш көшеттері отырғызылады.

Жасыл белдеуде отырғызылған көшеттерді суаруға арналған 390 су ұңғымасы жұмыс істейді. Биыл олардың 60-ының насосын жөндеу жоспарланған.

Сонымен қатар әуежай жолы бойындағы су жүйелері қысқы маусымда толық тазаланып, вегетациялық кезеңге дайындалды.

Отырғызылған ағаштарды жазғы ыстықта тұрақты суаруды қамтамасыз ету үшін тамшылатып суғару жүйелерін жаңарту және қосымша 4 бассейнге сағатына 80–120 м³ су айдайтын құрылғылар орнату жоспарлануда.

Алдағы уақытта Түркістан қаласы мен облыс көлеміндегі көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.

Похожие материалы