Соңғы 8 жылда Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп, өнім көлемі 2,2 есеге артып, 1,2 трлн теңгеге жетті. 2018 жылы бұл көрсеткіш 551,1 млрд теңгені құраған. Осылайша өңір ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі бойынша республикада көш бастап келеді.
Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 919,4 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 106 мың гектарға ұлғайды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 813,5 мың гектар болған.
Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқын алған. Биыл жоспарланған 27 мың гектардың орнына 50 мың гектарға енгізу көзделіп отыр. Нәтижесінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы алқап 164 мың гектарға жетіп, 280 млн текше метр ағын су үнемдеу жоспарланған.
Мақта саласында шикізаттық экспортқа тәуелділікті азайту мақсатында мақта-тоқыма кластері қалыптастырылуда. Жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жылына 229,5 мың тонна дайын өнім шығару және 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС жобасы аясында 11 зауыт салу көзделген. Қазіргі таңда оның 5-еуі іске қосылған. Олардың қатарында мақта өңдеу, тамшылатып суару таспаларын шығару, ПВХ құбыр өндірісі және жіп иіру фабрикасы бар. Жоба аясында 1 200 адам жұмыспен қамтылған.
Жүгері кластері бойынша Шардара ауданында жылына 150 мың тонна өнім өңдейтін зауыт іске қосылған. Кәсіпорын крахмал, сірне, глюкоза, жүгері майы және құрама жем сияқты 20-дан астам өнім түрін шығарады.
Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда жылыжай көлемі 1006,7 гектарды құрап, республикадағы үлесі 72 пайызға жеткен. Өткен жылы 113 мың тоннадан астам көкөніс жиналған.
Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту бағытында жалпы құны 534,2 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде 1 225 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Соңғы жылдары жылыжайларда субтропикалық дақылдарды өсіру де жолға қойылған. 2025 жылы 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілген.
Мал шаруашылығы бойынша да өңір республикада жетекші орында. Қазақстандағы ұсақ малдың 20 пайызы, ірі қараның 13 пайызы, түйенің 14 пайызы, жылқының 10 пайызы және құстың 5 пайызы Түркістан облысына тиесілі.
Экспорт құрылымында да өңірдің үлесі жоғары: ірі қара етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы Түркістан облысынан жөнелтіледі.
Ет кластерін дамыту бағытында 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына 18 мың тонна ет және 90 мың тонна өңделген өнім өндіру жоспарланған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023–2025 жылдарға 30,2 млрд теңге қарастырылған. Биыл 1 115 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.




