Жамбыл облысында отандық өндірісті қолдау мен ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған екі ірі бастама — «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесі өтті. Ауқымды шара жергілікті тауар өндірушілердің әлеуетін таныстыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға және өңірлік экономиканы дамытуға серпін беруге арналды.

Көрменің ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, кәсіпкерлерге сәттілік тілеп, өңірде бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтты. Оның сөзінше, шағын және орта бизнес – тек экономикалық өсімнің емес, қоғамның тұрақты дамуының да негізгі тірегі.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының Жолдауларында кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым басымдық беріліп келе жатқанын атап өтті. Бүгінде елімізде бизнесті қолдаудың нақты әрі тиімді тетіктері қалыптасып, отандық өндірісті өркендету, жергілікті өнім көлемін арттыру және ауыл экономикасын дамыту бағыттарына ерекше көңіл бөлініп отыр.

– Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Әсіресе, өңделген өнім өндірісін арттыру, ауылдағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және жергілікті шикізатты тиімді пайдалану маңызды рөл атқарады. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдің экономикалық тұрақтылығын күшейтеді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, «Қазақстанның үздік тауары» байқауы – сапалы өнім өндіретін кәсіпорындарды қолдауға және олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдық жерлердегі шағын өндірістерді дамытуға жол ашып, жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға және ұлттық өнімдерді жаңғыртуға ықпал етіп отыр.

Көрме барысында Жамбыл облысының түрлі аудандарынан келген кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Қатысушылар азық-түлік өнімдерінен бастап құрылыс материалдарына, тұрмыстық тауарлар мен қолөнер бұйымдарына дейінгі кең ауқымды өнім түрлерін таныстырды. Арнайы құрылған комиссия мүшелері мен қонақтар өнімдердің сапасына баға беріп, кәсіпкерлермен пікір алмасты.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында кәсіпкерлік саласы аймақ экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр. Өңірде 101 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді.

Соңғы жылдары кәсіпкерлік секторының өңірлік жалпы өнімдегі үлесі де айтарлықтай артқан. Бүгінде ЖӨӨ-нің шамамен үштен бірі осы саланың үлесіне тиесілі. Бұл – өңір экономикасының әртараптандыру бағытында дұрыс жолға түскенін көрсететін маңызды индикатор.

Шағын және орта бизнес саласында 170 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұл тек экономикалық көрсеткіш қана емес, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор ретінде де бағаланып отыр.

Қаржылай қолдау тетіктері де кәсіпкерлер үшін айтарлықтай мүмкіндік беріп отыр. Жыл басынан бері қаржы институттары арқылы 10 мыңнан астам кәсіпкерге жалпы көлемі 41,6 млрд теңге несие берілген. Бұл қаражат жаңа жобаларды іске асыруға, өндірісті кеңейтуге және айналым қаражатын толықтыруға бағытталған.

Мемлекеттік және өңірлік қолдау бағдарламаларының нәтижесінде соңғы жылдары ауыл кәсіпкерлігі де жандана түсті. Соның айқын дәлелі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасының нәтижелері. Соңғы үш жылда жоба аясында тоғыз кәсіпкер финалист атанып, олардың алтауы грант иегері болды. Жалпы сомасы 24,9 млн теңгені құрайтын қаржылай қолдау олардың өндірісін кеңейтуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берген.

Биылғы «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқауына 120-дан астам тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін үш негізгі бағыт бойынша ұсынды. Байқау нәтижесінде жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша анықталды.

«Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» номинациясында «Касса 01» ЖШС, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» және «G Universal» ЖШС жеңімпаз атанды. Бұл кәсіпорындар өндірістік тиімділік, өнім сапасы және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленді.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «Rano Komfort Service» ЖШС, «MoozTau» ЖК және «OtarBioPharm» ЖШС үздік деп танылды. Бұл бағыттағы кәсіпорындар тұтынушыларға арналған өнім сапасы мен қолжетімділігін басты назарда ұстап келеді.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Әулие-Ата Феникс» ЖШС, «Та-Мак» ЖШС және «AS-JAN KZ» ЖШС жеңімпаз атанды. Азық-түлік өндірушілер жергілікті шикізатты тиімді пайдалану мен сапалы өнім ұсыну арқылы жоғары бағаға ие болды.

Сонымен қатар, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрме қатысушыларының жұмыстары әлі де бағалау кезеңінде. Қорытынды нәтижелер бойынша 10 финалист іріктеліп, олар 5 млн теңгеге дейінгі гранттарға үміткер атанады.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысында өткен бұл қос шара өңірдегі кәсіпкерлік экожүйенің дамып келе жатқанын, жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігі артып отырғанын және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін маңызды алаң ретінде бағаланды.