Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Жаңа Конституция – әділдік пен қоғамдық келісімнің кепілі

Астанада өткен Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістердің саяси-құқықтық мәнін айқындап, жаңа жоба ел тәуелсіздігін нығайтып, мемлекет пен қоғам арасындағы

Автор Жаннұр Еділбаева··1 мин чтения
Жаңа Конституция – әділдік пен қоғамдық келісімнің кепілі

Астанада өткен Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістердің саяси-құқықтық мәнін айқындап, жаңа жоба ел тәуелсіздігін нығайтып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

«Ел президенті ерекше атап өткендей, бұл – мән-маңызы жағынан да, саяси-құқықтық мазмұны тұрғысынан да жаңа құжат. Президентіміз тарихи шешімдердің заңды нәтижесі осынау алмағайып заманның талабына берген лайықты жауабы. Дегенмен бұл мемлекетіміздің осы уақытқа дейінгі жүрген жолдың жоққа шығарылуы емес, керісінше, дүбірлі дәуірлерден бүгінгі күнге дейінгі озық ойлар мен тәжірибені тиянақтап, кеткен кемшіліктерді түзеп, жеткен жетістікті жаңалаған саяси табыстықтың бірегей үлгісі. Бұл өзгерістің ең басты лейтмотиві де ел тәуелсіздігінің тұғырын біржола нығайтып, әлем санасатын саяси ұлттың қолына төлқұжатын беріп, жол ашу. Бұл терең ой «Біз – Қазақстанның біртұтас халқы» деп басталатын Конституцияның жаңа кіріспесінен-ақ жақсы көрініп тұр», – дейді вице-премьер.

Ол өз сөзінде ендігі жерде адам мен азаматтың жеке құқықтары мен міндеттерін тұтас ұлттың өмірлік мүдделерімен ұштастырған, ешкімді тілі мен дініне, тегі мен дәстүріне қарап, алаламай, заңды бәрінен биік қоятын ережені алға тартатынын тілге тиек етті.

«Ең маңыздысы, ата заңның жаңа нормалары әділдік, заңдылық және қоғамдық келісім сияқты рухани тұғырлардың өзара байланысын тереңдете түседі. Сөз жоқ, бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді одан ары күшейтетін қарымды қадам.

Осы орайда, атап өтетін тағы да бір ерекшелік, осынау аталған құндылықтардың болашақ сайлау жүйесінің жаңа форматтағы көрінісі. Әңгіме саяси партиялардың рөлі мен партиялық тізімнің орны туралы. Сайлаушы бұл ретте жеке азаматқа емес, ең лайықты деген тұлғалардың ортақ ойына, озық идеяларына дауыс береді. Бұл ел өміріне саяси бәсекеге сапалы сараптама, мазмұнды пікірталас сияқты қажетті дүниелерді әкеліп қана қоймайды. Ең бастысы, бұл саяси партияларды өз сайлаушыларының үміті мен мүддесін дәл түсінуге және елдің ортақ мақсатына қызмет ететін маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мемлекет пен азамат арасындағы шын мәніндегі алтын көпірге айналуын тездетеді», – дейді Аида Балаева.

Министр сөз соңында мемлекет басшысы ұсынған өзгерістер кезекті бір түзетулер емес, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеретін, әділдікті ту етіп, заң мен тәртіпке негізделген ел дамуының ұзақ мерзімді тың моделі екенін айрықша атап өтті.

«Құрметті, комиссия мүшелері! Жан-жақты талқылаулар мен ұсыныстарды саралай келе кеше таныстырылған мәтінді Конституцияның жаңа редакциясы деп емес, Конституцияның жаңа жобасы деп қарастыру ұсынысын қолдаймын», – деп Аида Балаева сөзін аяқтады.

Фото: скрин

Похожие материалы

Жаңа Конституция – әділдік пен қоғамдық келісімнің кепілі · Todayinfo