ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Сәрсенғалиев Нартай Аралбайұлы қоғамға үндеу жасап, жаңа Конституцияның мәні мен маңызын түсіндірді, деп жазады Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
«Бүгінгі сөздің салмағы бұрынғыдан өзгеше. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы туралы. Ата заң алғаш қабылданып, қызмет атқарғанына 30 жыл толды. Уақыт өтті, талап күшейді, және осының айғағы ретінде жаңа Конституция жұртқа ұсынылды. 15 наурызда ел өз ой-пікірін білдіреді», – деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа Конституция алты ай бойы кеңінен талқыланып, әр түзетулер мен баптар саяси сүзгіден өткен.
«Жалпы, комиссия құрамында 130 маман жұмыс істеді. Сонымен қатар, заңгерлер мен қоғам белсенділерінің ұсыныстары ескеріліп, құжат жан-жақты талданды. Бұрынғы Конституцияны 12 адам жазған болса, жаңа Ата заң толық халықтық сипатқа ие», – деп атап өтті Сәрсенғалиев.
Депутат жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған саяси реформалардың логикалық нәтижесі болып табылатын құжат. Депутаттың пікірінше, Конституциядағы өзгерістер – әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттары, адам құқықтарын қорғау және билік институттарын жаңғырту бағытындағы нақты қадамдар.
Адам капиталына басымдық беріледі.
«Жаңа Конституцияда мемлекет білім, ғылым және инновацияны стратегиялық бағыт ретінде таниды. Бұл адам ресурстарын дамытуға және талантты жастардың елде қалуына серпін береді», – деді депутат.
Қос азаматтыққа қатаң шектеу енгізіледі.
«Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтыққа жол берілмейді. Бұл ұлттық қауіпсіздік пен саяси тұрақтылық үшін стратегиялық маңызды», – деді ол.
Президенттік квота жойылды. Бұрын Мәжіліске тағайындалатын депутаттар болған, енді олар болмайды. Бұл ықпалды Парламент қағидатын одан әрі нығайтады.
Ұлттық валюта – теңге Конституцияда ресми түрде бекітіледі.
«Теңгені басып шығару құқығы тек Қазақстан Республикасына тиесілі. Бұл экономикалық егемендіктің маңызды атрибуты», – деп түсіндірді Сәрсенғалиев.
Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі.
«Бұл халықтың билігі мен егемендігін нақты көрсететін саяси қадам», – деді депутат.
Сәрсенғалиевтің сөзінше, жаңа Конституция – халықтық, стратегиялық және егемендікті қорғауға бағытталған құжат.
«Жаңа Ата Заң елдің және жердің иесі – Халықтың мүддесіне қызмет етсін», – деп қорытындылады депутат.
Фото: Мәжіліс




