Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Жаңа Конституция мазмұнында түбегейлі өзгерістер бар - сарапшы

Бүгінде сарапшылар жаңа Конституция жобасының мазмұны мен тұжырымдамалық негізінде түбегейлі өзгеріс байқалатынын, ал ол терең конституциялық жаңғыруға алып келетінін айрықша атап өтуде. ​Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі,

Автор Жаннұр Еділбаева··2 мин чтения
Жаңа Конституция мазмұнында түбегейлі өзгерістер бар - сарапшы

Бүгінде сарапшылар жаңа Конституция жобасының мазмұны мен тұжырымдамалық негізінде түбегейлі өзгеріс байқалатынын, ал ол терең конституциялық жаңғыруға алып келетінін айрықша атап өтуде.

​Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі, PD докторы, доцент Ардақ Монтаев қолданыстағы Конституция мен жаңа Конституция жобасында  едәуір айырмашылықтар бар екенін айтып, жан-жақты талдап берді.

Оның айтуынша, қолданыстағы Конституция – басқа дәуірдің мұрасы. Соған сәйкес, өзінің логикасы мен рухы жағынан көп жағдайда, әсіресе ішкі құрылымы кеңес заманының сипатын сақтап қалған.

«Біріншіден, ол тым орталықтандырылған. Онда мемлекет басты субъект ретінде көрінсе, адам көбіне басқару нысаны ретінде қабылданады. Билік вертикалі қатаң құрылған, билік тармақтары арасындағы нақты тепе-теңдікке арналған кеңістік өте тар. Екіншіден, ескі редакцияда ұлттық бірегейлік айқын көрінбейді. Мәтіндер әмбебап, бейтарап сипатта, өз тарихы, тілі мен мәдениеті бар нақты бір елге емес, абстрактілі «посткеңестік мемлекетке» арналғандай әсер қалдырады. Үшіншіден, адам құқықтары қағаз жүзінде бекітілгенімен, жүйенің өзегіне айналмаған. Олар «мемлекет мүддесі», «қоғамдық тәртіп» сияқты нақты айқындалмаған ұғымдардың көлеңкесінде оңай шектеледі. Соның нәтижесінде Конституция ең алдымен институттарды қорғайды, ал адам екінші қатарда қалады», – дейді Ардақ Базарбекұлы.

Бұл ретте ол жаңа Конституция жобасын өткеннің қисынынан шығып, посткеңестік кеңістіктен тыс, заманауи мемлекет моделіне көшуге жасалған талпыныс деп бағалады

«Біріншіден, ол кеңестік стильден – ауыр, өктем, бюрократиялық тілден бас тартады. Оның орнына Конституцияны шенеуніктерге арналған нұсқаулық емес, қоғамның ортақ келісімі ретінде түсіндіретін айқын әрі түсінікті логика қалыптасады», – дейді доцент.

Бұған қоса, Ардақ Базарбекұлы жаңа модель анағұрлым теңгерімді екенін, онда тежемелік әрі тепе-теңдік принципі нығайтылғанын, институттардың рөлі нақтыланғанын, биліктің бір орталыққа шоғырлануы азайғанын, ал мемлекет қоғамның «үстінде» емес, оның ішінде қызмет ететін жүйеге айналатынын жеткізді.

«Үшіншіден, Конституция алғаш рет өзіміздің кім екенімізді және ерекшелігімізді көрсетеді. Ұлттық ерекшелігіміз, өткен тарихымыз, қоғамдық құндылықтарымыз басты орынға қойылады. Бұл жай декларация емес, кім екенімізді және қайда бет алғанымызды заң тұрғысынан бекіту. Ең маңыздысы, жаңа Конституцияның төрінде адам тұр. Адам құқықтары мен бостандықтары бүкіл жүйенің іргетасы. Бұл логика бойынша мемлекет өз мүддесі үшін емес, азаматтың қадір-қасиеті, қауіпсіздігі және өзін ашу мүмкіндігі үшін қызмет етеді», – дейді саясаттану кафедрасының меңгерушісі.

Сондай-ақ, оның пайымынша, жаңа Конституция жобасын талқылау бойынша өткен отырыстардың жария түрде өтуі түрлі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз болжамдардың алдын алуға мүмкіндік берген, азаматтарға ұсынылып отырған нормалардың логикасын түсінуге жол ашқан, ең бастысы – қабылданған шешімдердің заңдылығын арттырған.

«Мемлекет іске қосқан кері байланыс тетіктері азаматтар тарапынан белсенді қолданылып, конституциялық реформаға қатысты қоғамның түрлі көзқарастары мен нақты сұраныстарын ескеруге мүмкіндік берді. Жиналған ұсыныстар жеке-дара емес, біртұтас әрі өзара үйлескен жоба ретінде қаралды. Нәтижесінде жаңарту Конституцияның барлық бөлімін – Кіріспеден бастап конституциялық құрылыс негіздеріне, сот төрелігіне, мемлекеттік басқару және азаматтардың қатысу тетіктеріне дейін қамтыды. Бұл тәсіл бұрын қолданылған жекелеген әрі бытыраңқы түзетулер енгізу тәжірибесінен бас тартып, жаңа Ата Заңның заңның тұтас әрі логикалық құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік берді» – дейді Ардақ Базарбекұлы.

Оның айтуынша, бөлімдердің атауларын өзгерту немесе баптардың тұжырымдарын нақтылау – жай редакциялық түзету емес, бұл тұжырымдамалық тәсілді жаңартатын, құқықтық нақтылықты күшейтетін және Ата заңның сапасын арттыру жолындағы терең ойластырылған қадам.

Фото: gov.kz

Похожие материалы

Жаңа Конституция мазмұнында түбегейлі өзгерістер бар - сарапшы · Todayinfo