Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сотта өзіне тағылған "Алаяқтық" және "Пара алу" баптары бойынша кінәсін толық мойындады. Шенеунікке қатысты істі Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарап жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Прокурордың айтуынша, бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болған кезіне қатысты. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол жәбірленуші деп танылған азаматтан қаладағы кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде көлік алуға өтініш жазуды сұраған. Өтініш орындалып, жәбірленуші 2021 жылғы Toyota Camry 75 көлігін алған. Алайда ол көлікті қала әкімдігінің алдына апарып, кілтін Омарға берген де, содан кейін көлікті қайта көрмеген.
Кейін бұл көлік басқа адамның атына ауыстырылып, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгідегі көлікке айырбасталған. Айыпталушы жаңа көлікті өзі пайдаланған. Осылайша жәбірленушіге 13 миллион теңге шығын келтірілген. Сот залында жәбірленуші шығынның толық өтелгенін және шенеунікке ешқандай талабы жоғын мәлімдеді.
Екінші эпизод ақпан айының басында болған. Іс материалдары бойынша, Жақсылық Омар қалалық әкімдік қызметкерлерінің бірімен кездесіп, одан 20 миллион теңге әкелуді тапсырған. Айыпталушы мұны талап ету емес, жай ғана өтініш ретінде айтқанын жеткізді. Алайда айыптау тарапы бұл әрекетті "жалпы қамқорлығы үшін пара алу" деп бағалады.
Әкімдік қызметкері шенеуніктің әрекеті заңсыз екенін түсініп, бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) арызданған. Арнайы қызметтің бақылауымен ол Жақсылық Омармен қайта кездесіп, ақшаны бөліп-бөліп беруді ұсынған, айыпталушы оған келіскен. Сол күні үшінші тұлға арқылы 6 миллион теңге қолма-қол ақша берілген. Шенеунікті ұстау кезінде оның тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан 5,6 миллион теңге тәркіленді.
"Сотталушы кінәсін толық мойындады. Оның қорғаушылары бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Олар туыстарының айыппұлды төлеуге қажетті соманы жинап қойғанын айтты. Дәлел ретінде сотқа 112 миллион теңге салынған шоттан үзінді көшірме ұсынылды", - деп жазды YK-news.kz басылымы.
Іс бойынша келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленді.
Фото: Әлеуметтік желіден




