Жетісу облысында 18 жастағы бойжеткен қыз бен оның анасы бопсалау бойынша қолға түскені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Жетісу облысының Көксу аудандық уақытша ұстау изоляторына сегіз айлық сәбиі бар ананың қамалғаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады.

Видеоны жариялаған автордың айтуынша, кадрларды оған бойжеткеннің туыстары жолдаған. Онда қолында емізулі баласы бар әйел Талдықорған қалалық полиция ғимаратының алдында жылап тұрғаны көрінеді. Кадр сыртындағы дауыста түнде сәбидің анасын ұстап, Көксу аудандық уақытша ұстау изоляторына қамағаны айтылады.

Туыстарының сөзінше, 18 жастағы бойжеткен баласының биологиялық әкесімен кездесуге барған. Олардың айтуынша, ер адам оған материалдық көмек ретінде 25 миллион теңге беремін деп уәде еткен. Алайда ақша берудің орнына бойжеткенді полиция қызметкерлері ұстаған.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аса ауыр қылмыстар санатына жататын аса ірі мөлшердегі бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары кешені барысында қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін талап етілген 25 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты алу кезінде екі күдікті әйел қылмыс үстінде ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау мәселесі сотта қаралатын болады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.