Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Жұмысшы ауылындағы А.Оразбаева атындағы мектепте 2025 жылдың ақпан айында орын алған қайғылы жағдай қоғамның наразылығын тудырды. Сабақ кезінде сыныптасы буындырған 12 жастағы оқушы Ұлағат Сейдулла оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Марқұмның анасы, Гүлмира Көшееваның айтуынша, оқиға ойыннан басталған: оның ұлы сыныптасының телефонын тартып алып қашқан, сол сәтте артынан қуып келген оқушы оны буындырып жіберген. Мектеп мұғалімдері алғашқыда бұл туралы нақты ақпарат бермеген.
«Балам сабаққа сап-сау кеткен еді. Үшінші сабақтан кейін «балаңыздың мазасы болмай жатыр» деп шақырды. Барсам, балам партаның үстінде жатты, үсті малмандай су. Кейін білсек, ешкім көмектеспеген, мұғалім жоқ, балалар өз бетінше әрекет еткен», – дейді анасы.
Оқиғадан кейін төрт мұғалім жұмыстан шығарылып, екі қызметкер өз еркімен кеткен. Алайда, араға бір ай салмай сынып жетекшісі мен директордың орынбасары қайта жұмысқа орналасуға талпыныс жасаған. Бұл жағдай марқұмның анасын ашындырған.
«Баламнан айырылғаным аздай, мұғалімдер қайтадан жұмысқа келуге тырысып жатыр. Бұл әділетсіздік», – дейді Гүлмира Көшеева.
Алғашында мектеп ұжымы оқушының эпилепсиясы болған деген болжам таратқан. Алайда медициналық сараптама бұл ақпаратты жоққа шығарды. Нақты себеп ретінде механикалық асфиксия – буындыру нәтижесінде тілді жұтып, тұншығу көрсетілген.
«Балам дені сау еді. Дәрігерге бармайтын. Медэкспертиза нәтижесі де ешқандай ауруы болмағанын растады», – дейді анасы.
Оқиғаның басты фигуранты – сыныптасы, яғни буындырған бала – жасы 12-ге толмаған. Сондықтан қылмыстық жауапкершіліктен босатылған, ата-анасына айыппұл салынған. Ал іс тергеуден кейін қысқартылған.
Құжаттарды таратуға тыйым салынды, ал бұған қарсы әрекет – қылмыстық жауапқа әкеп соғуы мүмкін екенін құқық қорғау органдары ескерткен.
«Менің жалғыз талабым – ұлымның өліміне себеп болғандардың жазасыз қалмауы. Мұндай жағдай басқа балалардың басына түспесін», – дейді қара жамылған ана.