Фото: Видеодан кадр: instagram.com/sairam_ugam
«Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағында қар барысы фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
«Фототұзақтар арқылы алынған бірегей бейнелер бұл сирек кездесетін аңның ұлттық парк аумағында бар екенін растайды. «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінде қар барысының жүруі жабайы табиғатты сақтауға жағдай жасалғанын және парк қызметкерлері жүргізіп жатқан табиғатты қорғау шараларының жоғары тиімділігін дәлелдейді» — делінген «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі желіде жариялаған видео сипаттамасында.
Ақпарат үшін: «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — Түркістан облысының жерінде орналасқан. 2006 жылы ұйымдастырылған. Оған Түлкібас, Төле би және Қазығұрт аудандарының табиғаты ең көрікті жерлері енеді. Жер аумағы 149 мың га. Саябақты ұйымдастырудағы басты мақсат – Батыс Тянь-Шань тау жоталарындағы ғылыми тұрғыдан құнды табиғат байлықтарын қорғап қалу, қалпына келтіру және республикадағы экологиялық туризмді дамыту. Саябақ орманды дала биігінен биік таулы алқапқа дейінгі 7 табиғи белдемді қамтиды. Табиғат қорғау жұмыстарының ерекшеліктеріне байланысты жеке 3 аймаққа (қорықтық, туристік және шектеулі шаруашылық жұмыстары жүргізілетін) бөлінген. Саябақтың аумағы солтүстіктен оңтүстік бағыт бойынша 135 км-ге созылып жатыр. Саябақ жануарлар әлеміне де бай. Құстардың 300-ге жуық, сүтқоректілердің 60-тан астам түрі мекендейді. Өте сирек кездесетін жануардың бірі – көк суыр (қысқаша Мензбир суыры). Сондай-ақ арқар, жабайы шошқа, қоңыр аю, т.б. жануарлар да кездеседі. Саябақта тұрақты түрде “Табиғат жылнамасы” жүргізіліп отырады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram