Ерсұлтан Сәрсенбаев Ана мен бала орталығының дәрігер-реаниматолог. 2023 жылдың қазан айында, қайғылы оқиғадан он шақты күн бұрын Бақытжан Байжановпен танысқан.
– 9 қарашада түстен кейін ұйықтап жатқанымда маған Бақытжан қоңырау шалып, «адам мас кезінде ұзақ ұйықтауы мүмкін бе?» деп сұрады. «Жеңеше масайып, ұйықтап қалды» деді. Қаншалықты ішкенін сұрап едім, «таңертеңге дейін» деді. «Мен нарколог емеспін, бірақ масайған кезде ол да қауіпті, жедел жәрдем шақырыңдар» деп айттым. Оянғасын Бақытжанға қоңырау шалып, не болды деп сұрадым. Бақытжан әлі ұйықтап жатқанын айтты. «Бақытжан, оның жағдайы жақсы ма өзі? Төбелес болды ма?» деп сұрадым. Бақытжан «бір көзі қызарған, таңға дейін ішкен» деді.
Бақытжан «бізге келіп, қарай аласың ба?» деді. Мен келе алмайтынымды айттым. «Сен жедел жәрдем шақыра аласың, Қазақстанда жеке жедел жәрдем де бар» дедім. Осыдан кейін әңгіме болған жоқ. Кешке қоңырау шалды ғой деймін. Мен жұмыста болдым. Мен сол кезде «жұмыстамын, жедел жәрдем шақырыңдар» дедім. Білуімше, 40 мың теңгеге жеке жедел жәрдем келетіні бәрі білетін шығар, – дейді ол.
Ерсұлтан Сәрсенбаев Бақытжан Байжановқа “көп ішкен де қауіпті” екенін ескерткенін айтады. Байжанов нашатыр спиртін алуға Ерсұлтан Сәрсенбаев кеңес бермегенін айтты. Байжанов оған жеңгесінің қорылдап жатқанын айтқанын жеткізді. Сұрақ-жауап барысында прокурор Сәрсенбаевтың тергеу кезінде берген жауабын оқып, “жеңгесі мен ағасының салғыласқанын, жеңгесінің көзі қызарғанын айтты” деген сөзіне есіне салды. Сәрсенбаев тергеу кезінде берген жауабын растады.
Сәрсенбаев Байжанов Бишімбаевтың бауыры болғанынан, шын мәнінде Гастро-орталықтың иесі Бишімбаев екенінен хабарсыз болғанын айтады.