Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті депозиттен және жеке шоттар арасындағы аударымдар мобильді аударымдарды бақылау кезінде есепке алынбайтынын түсіндірді. Демек, қазақстандықтар салықтық тексеріске ілігемін деп қорықпай-ақ, өз шоттары мен салымдары арасында ақшаны еркін аудара алады.
Жаңа ережелер қандай болады?
Еске салайық, қазір аударымдарды бақылаудың жаңа критерийлері пысықталып жатыр – түзетулер Сенатта қаралуда. Жоспар бойынша, мынадай жағдайларда жеке тұлғалар тексеріс аясына ілігеді:
-
Үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі адамнан аударым қабылдаса;
-
Бұл ретте түскен қаржының жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден (2025 жылғы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері) асуы тиіс.
Салық органдары тағы нені тексермейді?
Депозиттен жасалған аударымдардан бөлек, лимит есебінен мыналар алып тасталады:
-
Жалақы;
-
Әлеуметтік төлемдер;
-
Жақын туыстардан келген аударымдар.
Егер жаңа ережелер өзгеріссіз қабылданса, олар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

