Соңғы жылдары сыртқы сауда мен шекаралық туризмнің қарқынды дамуы арқасында Шыңжаң өңірі әлемге барынша ашық болып келеді. Бұл туралы Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының Шыңжаңдағы филиалының зерттеушісі Ян Фуцян мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігі.
19 қыркүйекте ҚХР Мемлекеттік кеңесінің ақпарат басқармасы «Жаңа дәуірдегі партияның Шыңжаңды басқару стратегиясының табысты тәжірибесі» атты Ақ кітап жариялады. Құжатта өңірдің «Бір порт, екі аймақ, бес ірі орталық және порттар белдеуі» жобасы арқылы «Еуразияның алтын дәлізіне» айналып келе жатқаны айтылған.
Ян Фуцянның айтуынша, Шыңжаң бүгінде трансшекаралық сауданы жан-жақты дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдері, тоқыма, машина жасау құралдары, сондай-ақ қаржы, білім, медицина, IT және туризм салаларындағы қызмет алмасуды кеңейтуде. 2024 жылы өңірдің сыртқы сауда көлемі 434,1 млрд юаньға жетіп, «Made in Xinjiang» белгісі бар тауарлар, әсіресе электромобильдер мен күн батареялары, әлемдік нарықта сұранысқа ие болды.
Қазір Шыңжаң 220-дан астам елмен сауда жасайды, мұнда 19 халықаралық порт жұмыс істейді.
«Қытай – Еуропа» теміржол бағыты жыл сайын 10 мыңнан астам пойыз өткізіп отыр. Өткен жылы өңірге 5,1 млн шетелдік турист келген.
«Көптеген шетелдіктер Шыңжаңға келіп, мұндағы шынайы жағдайды өз көзімен көруге тырысады. Қасиетті таулар мен өзендер, базарлар, қонақжай халық пен заманауи инфрақұрылым – барлығы туристерді қайта оралуға ынталандырады», – дейді зерттеуші.