Фото: @p_sardar_b
Бұл жайлы “Шетелдегі қазақ балалары” жобасының авторы, журналист Жанар Байсеміз instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Біздің Сардар үйленді!
Жас жұбайлар бақытты болсын.
Естеріңізге сала кетейін, Сардар “Шетелдегі қазақ балалары” бағдарламасының кейіпкері болды. Біз Сардармен ЮТА штатында жолықтық. Кейін өзі туған анасын іздеп Қазақстанға келді. Өз тарапымыздан біз де іздеу жұмыстарын жүргіздік. Көп іздедік. Өкінішке орай таппадық. Қаншама шетел асқан баланың аналарын, әкелерін тауып бердік. Алайда, Сардардың биологиялық анасы құмға сіңген тамшыдай жоқ болды. Сардардың анасын іздеп жатқан кезімізде оның қарындасының туған анасын тауып алдық. Олар табысты. Сардардың америкалық ата-анасы Қазақстаннан екі қыз, бір ұл асырап алған. Енді міне анамды табамын, деген арманына жете алмаса да, аяулы жарын жолықтырыпты. Келініміз үріп ауызға салғандай сұлу екен. Сардар, шын жүректен бақыт тілеймін. Сен менің жүрегімдесің. Құрған отауың берік болсын! Сен нағыз азаматсың»,- деп құттықтады Жанар Байсеміз.
Сондай-ақ, ол оқырмандарынан жас жұбайларды құттықтауға шақырды.
«Ал, құрметті оқырмандарым, Сардарға жақсы тілек жазыңыздар. Ол бақытты болуға лайық.»,-деді Жанар Байсеміз.