Түркістан өлкесінде Сталиндік жүйенің құрбандары болған алты мыңнан астам адамды ақтау үшін арнайы құырлған комиссия жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Қазақ халқы әртүрлі тарихи оқиғаларды бастан кешірді. Бірде “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” алтын дәуірде өмір сүрсе, енді бірде жоңғар шапқыншылығы, ашаршылық немесе сталиндік қуғын-сүргін сынды ауыр заманды да көрген. Әсіресе қазақ халқының діні мен діліне, мәдениеті мен әдебиетіне тигізген кесірі орасан болды. 1937-1938 жылдары мұсылман дінбасылары да репрессияға ұшырағанын айта кеткен жөн.
Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы №6 қаулысына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және 63 адамнан құралған арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыстарын жүргізуде. Барлық категория бойынша құжатта жалпы 6193 адамның дерегі табылған. Олардың құқықтық тұрғыда ақталмағандығы анықталып, ақтауға ұсынылған.
Түркістан өлкесіндегі «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері, Созақ, Бостандық көтерілістеріне, Шаян оқиғасына қатысты мәліметтер зерттелді. Ғалымдар Өзбекстан, Тәжікстан архивтері мен кітапханаларында, ҚР Президентінің архивінде, ҚР Орталық және облыстық, аудандық архивтерде жұмыс жүргізуде. Жалпы, Түркістан өлкесінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша 33 томдық материал жинақталды.
Аталған бағыттағы жұмыстар өңір басшысының да жіті бақылауында. Дархан Сатыбалды, жастарды ұлт үшін шейіт болған қайраткерлерді, тұлғаларды, ашаршылық құрбандарын, өткен тарихымызды ұмытпауға шақырып, арнайы тапсырма да берген еді.
– Тәуелсіздік бізге үздіксіз күрес нәтижесінде, мыңдаған құрбанның жанкештілігінің арқасында келді. Сондықтан біз ұлт үшін шейіт болған қайраткерлерді, тұлғаларды, ашаршылық құрбандарын, өткен тарихымызды ұмытпауымыз керек. Бұл ретте Түркістанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешен ашу құптарлық іс болмақ. Бұл ұсынысты талқылап, жұмыс атқарамыз, — деген болатын өңір басшысы.
Қазір Түркістан өлкесінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы 9 бағыт бойынша жұмыс жүргізген.