Түркістан қаласында референдум аясындағы №133 дауыс беру учаскесіне алғашқылардың бірі болып, ең жас дауыс беруші келді. 18 жастағы Несібелі Сегізбай елімізде АЭС құрылысының жүргізілуіне қатысты өз таңдауын жасады. Алғашқы үлкен таңдауын жасаған Несібелі ел тұрғындарын референдумға белсенді қатысуға шақырды. Жас дауыс берушіге учаске атынан арнайы сыйлық берілді, — деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
«Бүгін сайлаушы ретінде бірінші рет келіп тұрмын. Сайлау мемлекеттің дамуына, болашағына әсер етеді. Сондықтан алғаш рет дауыс беріп отырған сайлаушы ретінде әр азаматтың дауысы маңызды екенін түсінемін» — дейді түркістандық жас сайлаушы Несібелі Сегізбай.
Түркістан өңірінде Отбасымызбен дауыс береміз» акциясы өтуде. «Отбасымызбен дауыс береміз» акциясы аясында көпбалалы жанұялар референдумға қолдау білдіріп, дауыс беруде. Арыс, Кентау қалалары мен Жетісай, Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Түлкібас аудандарында ел келешегі үшін маңызды шешім қабылданар науқанға қолдау білдіріп, отбасының барлық мүшелері дауыс беруге келді.
«Бүгінгі референдумның маңызы зор. Бұл – халықтың елдің болашағына қатысты шешімдерді өз қолына алатын сәті. Әрбір дауыс берушінің таңдауы маңызды. Өз таңдауымызбен біз мемлекетіміздің дамуына үлес қосамыз. Мені бүгінгі референдумға азаматтық борышым жетеледі. Біз өз болашағымызға немқұрайлы қарамауымыз керек», – деді Келестегі ауыл ақсақалы Асқан Назаров.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының халқы ел аумағында атом электр станциясын салуына қатысты ортақ бір шешімге келмек. Осыған орай, таңғы сағат 7:00-ден бастап дауыс беру учаскелері өз қызметін бастаған болатын. Түркістан өңірінде 1 млн 180 мыңнан астам дауыс беруші бар. Өңірде 945 дауыс беру учаскесі белгіленіп, 6 433 байқаушы мен 20 мобильді капитан жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 167 ауылдық елді мекенде тұрғындарды тексеру үшін жылжымалы медициналық пункттер жұмыс істеп тұр.