«Өскемен-Астана» бағыты бойынша орын алған рейстің ұзақ кешігуі SCAT әуе компаниясына айыппұл салуға себеп болды. Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, рейс сегіз сағаттан астам кешіккеніне қарамастан, жолаушыларға қонақ үйде уақытша орналастыру қарастырылмаған, деп хабарлайды Todayinfo.
Күндіз басталған кешігу барысында жолаушылар әуежайда күтіп, қажетті демалыс жағдайларынан қағылған.
Жолаушыларға демалуға арналған орын тек кешкі сағат 22:00 шамасында, кезекші прокурордың араласуынан кейін ғана берілді. Бұл аралықта адамдар күн бойы жайсыз жағдайда, ұшу уақытын күтумен болды.
Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасы бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде SCAT әуе компаниясы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабы 2-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органы жолаушылардың құқықтары ескерілмегенін анықтап, компанияға 1000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салды. Бұл – 2025 жылғы есеппен шамамен 3,9 миллион теңгеге тең.