Бүгін Талдықорған қаласында бүкіл елді дүр сілкіндірген қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Тергеу мәліметтері жаға ұстатады: күйеуі әйелін қызғаныштан ес-түссіз күйге түскенше сабап, артынша жедел жәрдем шақырған. Айыпталушының бұрынғы спортшы екені де белгілі болды. Бұл туралы Todayinfo порталы жазды.
Оқиғаның басты себебі – ұялы телефонға келген қарапайым хабарлама. Прокурордың айтуынша, жанжал маусым айында басталған. Күйеуі әйелі Айзат Жұманованың біреумен хат жазысып отырғанын көріп, телефонын сындырып тастаған. Осыдан кейін ерлі-зайыптылар жарты ай бойы мүлдем сөйлеспей жүрген.
Алайда, 22 маусым күні жағдай ушығып, аяғы қайғылы қазаға ұласты.
7-8 бөтелке сыра және ашу
Сотта айтылған деректерге сүйенсек, сол күні күйеуі таудан мал қайырып келгенде, әйелінің тағы да біреумен сөйлесіп тұрғанын байқайды. Ашуға булыққан ер адам дүкенге барып, бірден 7-8 бөтелке сыра сатып алып, ішіп алған.
Мас күйінде үйіне оралған ол әйелін жазалауды ұйғарады. Прокурор айыптау актісінде күдіктінің физикалық күші басым болғанын ерекше атап өтті:
«Ол спорттық тәжірибесі бар, денесі шыныққан адам бола тұра, әйелін қақпа алдына шығарып, аяусыз ұрып-соққан. Айзат жылап, ұрмауын өтінген, бірақ ол тоқтамаған. Жәбірленуші есінен танып қалса да, оның өмірлік маңызды мүшелеріне соққы жасауды жалғастырған».
«Терезеден құлады» деп алдамақ болған
Марқұмның туыстары бұл істің бұдан да сұмдық тұстары бар екенін айтады. Олардың сөзінше, қатігез күйеу әйелін аттың жалына байлап сүйреген, және мұның бәрі 2 жасар қызының көз алдында болған.
Ал күдіктінің өзі тергеу кезінде мүлдем басқа нұсқа айтқан. Ол әйелі екінші қабаттан селфи жасамақ болып, байқаусызда құлап кетті деп ақталмақ болған.
Күйеуі әйелінің қозғалмай қалғанын көргенде ғана жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер 32 жастағы келіншекті аман алып қала алмады. Ол аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Қазіргі таңда сот процесі жалғасуда. Қоғам бұл іс бойынша әділ үкім шығарылуын талап етіп отыр.

