Ардагерлер өздерін «атом сарбаздары» деп атайды. Олар Кеңес Армиясының «Семей-22» деп аталатын қауіптілігі жоғары арнайы жасағында қызмет етіп, 1989 жылға дейін ядролық жарылыс жұмыстарына қатысқан.
Ардагерлер өздерінің барлық іс-әрекетін «құпия» грифімен жүргізілгенін айтты. Олар ширек ғасыр мемлекеттік құпияны сақтаймыз деп, қол қойған. Бірақ жылдар өте мемлекет те өз уәдесін ұмытты дейді.
«Атом сарбаздарының» статистикасы бойынша 1949 жылдан 1989 жылға дейін Қазақстанда ұзын саны 10 мыңға жуық мерзімді әскери қызметші ядролық сынақтардан зардап шеккен, олардың 4000-ға жуығы Семей ядролық сынақ полигонының ошағында болған. Биылғы есеп бойынша осылардың 500-ге жуығы жер басып жүр. Қалғандары әлдеқашан марқұм болып кеткен.
– Қырғи-қабақ соғыс және қару-жарақ шығарудан АҚШ пен КСРО өзара бәсекеге түсіп жатқан кезең еді. Біз әскери борышымызды өтедік, алдымызға қойылған міндетті абыроймен орындадық. 25 жылға дейін мемлекеттік құпияны жария етпеуге ант бердік. Ал бірақ мемлекет бізді ұмытты», – дейді ардагер Бағдәулет Нұртазаев.
Ядролық сынақтардан зардап шеккен зейнеткерлер өздері үшін ғана емес, ұрпақтары үшін де алаңдаулы. Өйткені радиацияның зардабы өз басынан асып, үшінші буынға, яғни олардың немерелерінен де байқалуда. Екі жасар Ару Досымбек – соның мысалы. Оның атасы да Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеген. Кішкене сәби қазір арқа бұлшықетінің атрофиясымен ауырады. Осы күнге дейін қамқор қазақстандықтар оның еміне қажет 5 миллион теңгені жинауда. НИВЛ аппаратының құны 5571000 теңге тұрады. Қарапайым отбасы үшін мұндай соманы тауып беру мүмкін емес. Ал бұндай отбасылар жалғыз емес, олар өте көп.
Бюрократия құртып жатыр
Біздің жалғыз-ақ мақсатымыз бар, ол – арнайы жәрдемақы алу. Олардың айтып отырғаны – 28 мың теңге.
– Бар болғаны 28 мың теңге, оны Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюшылар алып та жүр. Алайда солардың қатарында біз жоқпыз, — дейді «Павлодар облысындағы ядролық сынақтарға қатысқан қауіптілігі жоғары «Семей-22» арнайы бөлімшесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қабылбек Омаров.
Міне, осы 28 мың теңгені алу үшін Семей полигонының ардагерлері бюрократия деп аталатын тозаққа жеті рет барып келуге мәжбүр. Және оны алу үшін ядролық сынақтарға қатысқанын растайтын анықтама керек. Мұндай анықтаманы тек Ресей Федерациясы ғана береді.
– Қорғаныс министрлігі біздің құжаттарды Ресей Федерациясына жібердік дейді, бүгінге дейін қанша жылдан бері жіберіп келеміз. Алайда еш жауап жоқ. Ал ресейліктер өз архивтеріңнен сұраңдар дейді. Мұрағатқа барсақ, олар бізді «тізімде» бар деп қана анықтама береді. Бірақ сынаққа қатысқанымыз жөнінде мәлімет жоқ дейді. Егер біз ядролық сынақтарға қатыспасақ, онда 2 жыл бойы айға қарап, шошқа бақтық па, полигонда 2 жыл бойы не істедік? Олар ядролық қаруды сынаған кезде, шахталар түгел жарылып, күлі көкке ұшатын… Сонда шахтаға кімдер түсті? Курчатов өзі түсіп пе не? Осы шахталарға біз түстік. Радиоактивті жәшіктерді біз тасыдық. Осыдан кейін радиациямен байланысы жоқ деп қалай айтады? 40 жылда қанша адамнан айырылдық! Барлығында бірдей диагноздың болуы кездейсоқтық емес», — дейді Бағдәулет Нұртазаев.
Ардагерлердің айтуынша, олардың бөлімшесі құпия операциялармен айналысқандықтан, қазақстандық мұрағаттарда деректер жоқ. Олар сол кезде КГБ қызметкерлері құжаттарын көз алдында өртеп жібергенін жеткізді. Дегенмен бұл олардың радиация алғанын жоққа шығармайды.
– Ядролық жарылыстардан кейінгі үйінділерді арнайы қорғаныс құралдарынсыз тазартуға, эксперименттік жануарларды (ит, қой, жылқы және т.б.) жалаң қолмен алып жүруге мәжбүр болдық, ал Курчатовтан бастап ғалымдар, генералдар арнайы қорғаныс киімдерін киетін. Олар біздің қалай жұмыс істейтінімізді алыстан бақылап отырды», — деді спикер.
Шараға Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайрат Кеңесханұлы қатысты. Оның айтуынша, өткен жылы ведомство қазақстандық әскерилерді сынақтарға қатысушы деп тану туралы 4 мыңға жуық өтініш жіберген, бірақ тек 4-еуіне ғана растау мазмұнындағы хат алған.
– Қатысушы мәртебесін алғандарға заңға сәйкес жәрдемақы төленеді. Біз растаумен айналыспаймыз, оны Ресей жасайды. Өйткені сынақтарды Қазақстан емес, Кеңес Одағы жүргізген. КСРО-ның құқықтық мирасқоры Ресей болып табылады және олар Одақ ыдыраған кезде сынаққа қатысты барлық құжатты алып кеткен. Нақты санын айта алмаймын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі есебін жүргізеді. Біз 2022-2023 жылдар аралығында 3993 өтініш жібердік, соның тек 4-уі ғана «расталды» деп келді, — деді ол.
Қазақстанның министрлігі өз отандастарының мүдделерін қалай қорғайтыны әлі белгісіз. Семей ядролық полигонының ардагерлері радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтынан алынған радиациялық сәулелену үлесінің мөлшері туралы анықтама — қорытынды беруді талап етеді, соның негізінде олар тегін ем ала алады.
Дереккөз: ulysmedia.kz