Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Семейде шырша безендіру кезінде жарақат алған мұғалімнің жағдайына қатысты пікір білдірді.
Өтемақы төлену мәселесі
Тамара Дүйсенованың айтуынша, мұғалімнің қосымша жұмысқа тартылғаны құжат арқылы дәлелденсе және бұл жұмыс жұмыс уақытында орындалған болса, оқиға өндірістік жарақат деп танылып, өтемақы төленуі мүмкін.
«Егер құжат арқылы дәлелдеу мүмкін болмаса, ондай статус берілмейді және өтемақы төленбейді. Бұл заң талабы. Сонымен қатар, ешбір келісімшартсыз жұмысқа тартылған болса, жауапты адамдар заң бұзғаны үшін жазаға тартылады,» – деді Дүйсенова.
Мұғалімдерді ерікті жұмысқа тарту заңдылығы
Журналистер мұғалімдерді ерікті түрде қосымша жұмысқа тарту қаншалықты заңды екенін сұрады.
Білім министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бұл мәселе «Педагог мәртебесі туралы» заңмен реттеледі, және мұғалімдерді өз мамандығына сәйкес келмейтін жұмыстарға тартуға болмайды.
«2019 жылы қабылданған заң мұғалімдерді басы артық жұмыстардан толық қорғайды. Алайда бұл заңның жергілікті деңгейде қаншалықты орындалып жатқаны – басқа мәселе. Мен бұл мәселе бойынша тапсырма бердім. Жергілікті департаменттер алыс ауылдардағы мұғалімдердің құқықтарының сақталуын тексеруде,» – деді министр.
Мұғалімнің жағдайы
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, Семейлік мұғалім бүгін ауруханадан шығарылды және оның жағдайы министрдің тікелей бақылауында.
Оқиғаның мән-жайы
22 желтоқсан күні Семейде Жаңа жылдық шырша безендіру кезінде мұғалім жарақат алғаны белгілі болды. Мұғалімнің қосымша жұмысқа тартылғаны туралы нақты ақпарат әзірге анықталмаған.