Алматы облысында ұстаздар мен оқушылар қарттарға құрмет көрсетті. Талғар ауданының мұғалімдері облыс орталығы Қонаев қаласындағы «Шапағат» қарттар үйіне арнайы барып, концерттік бағдарлама қойды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Елман ауылындағы мектептің бір топ оқушылары да ұстаздарымен бірге облыс орталығына барды.
«Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Осы қариялар күні қарсаңында мектебіміздің ұстаздары мен озат оқушылары арнайы облыс орталығына барып, арадагерлерге құрмет көрсетті. Риза болған қариялар жастарға, ұстаздарға батасын берді. 93 жастағы қарияның би билеп, қуанышқа кенелуін көргенде оқушыларымыз өздерінің қоғамдағы орнын сезінді. Арнайы баруымыздың мақсаты, оқушылардың бойына халықымыздың қадір -қасиетін сіңіру, үлкенді сыйлай білуге, қазыналы қарияларымыздың өнегелі тәрбилерімен танысуға, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу», — деді Талғар ауданы Еламан ауылындағы №41 мектептің директоры Зергүл Айтбаева.
Шараның ұйымдастырушы Зергүл Егінбайқызының сөзінше, «Шапағат» үйінде бүгінде 116 қария өмір сүріп жатыр. Олардың барлығы мемлекеттің қамқорлығында.
Олардың жартысы концерттік бағдарламаға қатысып, ақ тілектерін арнаған. Қарияларға мерекелік концерттен басқа сый-құрмет те көрсетілді.
«Осындай мерекеде қарттар үйіне бару біз үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Біз қарттарымызға өзіміздің қамқорлығымыз бен көңіл бөлудің қаншалықты маңызды екенін білдік. Оқушыларымыз қарттарымызға өнерлерін көрсетіп, қойған қойылымдары оларды ерекше қуаныш пен жылулыққа толтырды. Ұстаздар мен оқушылар ата- әжелерімізге дайындаған тәтті тағамдарын ұсынды. Қарттарымыздың ерекше ықыласқа бөленіп, қуанғандары көңілімізді жадыратып, жанымызға демеу болды. Қарттарымыздың көңілдеріне жылулық сыйлағанымызға оқушыларымыз да дән риза болып, ерекше көңілмен, толғаныспен қайттық», — деді Талғар аудандық «Amanat» партиясы Қайнар окуругі бастауыш партия ұйымының төрағасы Ерлік Тілеубайұлы.
Ұстаздар қауымы қариялармен кездесуге мүмкіндік берген «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Ержан Әбдіразақовқа алғыстарын білдірді. Айта кетейік, елімізде 2,4 млн зейнеткер бар. Ал Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 45-сессиясында қабылданып, жарияланған.