Елімізде діни киімдер кию тәртібі алдағы күзде Парламент қабырғасында қаралады. Бұл туралы жақында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи хабарлаған. Депутат деструктивті және дәстүрлі дінге жатпайтын діни ағымдар мәселесін реттейтін заңдарға өзгерістер керек деп санайтынын жеткізді. Депутаттың сөзінше, заң жобасында діни киімдер мәселесі де көтеріледі.
«Қазір біз үшін ең маңызды нәрсе — еліміздің ұлттық мүддесін, ұлттық дәстүрін, ұлттық мәдениетін сақтау. Ал қазіргі жағдайға қарасақ, қоғамда қара киінген қазақтар көбейді. Бұл жағдай болашақ ұлттық мүддемізге елеулі зиянын келтіреді», — деді ол.
Ермұрат Бапи заң қабылданғаннан кейін қоғамдағы діни киімдер мәселесі шешімін табады деп үміттенеді.
«Заң жобасында мектепке діни киіммен келу мәселесі де қаралады. Оған толық тыйым салынады. Қоғамдық орында бетті жауып тұратын діни киім киюге тыйым салу мәселесі де бар. Жаза ретінде ескерту жасалып, айыппұл салу да қарастыруды ұсынамыз», – дейді депутат.
Бұған дейін, Мәдениет және ақпарат министрі депутаттар тарапынан ресми өтініштер келіп жатқанын айтқан.
«Діни саясат саласындағы жұмысты үйлестіретін мемлекеттік орган ретінде біз оларды қарауға міндеттіміз», — деген болатын ол.
Қоғамда көтерліген мәселелерге байланысты, Qazaq.today тілшісі мамандарыдң пікірін тыңдап көрді.
Дінтанушы Ұлықбек Алиакбарұлы депутат Ермұрат Бапидің ойымен келісетінін айта келе, шариғаттың әйелге қатысты талаптарына түсініктеме берді.
«Қоғамдық орындарда қап-қара болып никаб, паранжа кию деген бар ғой. Осыған тыйым салу дегенге өз басым қосыламын. Ақ орамалын тақсын, түрлі түсті орамалын тақсын, мәселе хиджабқа қарсы шығуда емес. Құранда қап-қара болып бет-аузын тұмшалап алуды бұйырмаған. Сондықтан ол міндетті емес. Бірақ солай жүрген азаматшаларымыз аз емес. Ол белгілі бір сектаның ба, әлде адасқан топтың да мүшесі болуы мүмкін. Себебі оларға тән белгінің бірі — бетін тұмшалау, қара жамылғандай киіну. Ол жергілікті қазақы салт-дәстүрге де келмейді. Қара жамылатын жағдай болмаса қазақ қыздары, әйелдері қара кимеген ғой. Апаларымыз кимешек киген, ақ орамал таққан, ақ жаулықты ана деп айтып жатамыз. Қоғамдық орындарда қап-қара болып киініп, тұмшаланып жүруге қарсы заң болып жатса, оны дінтанушы ретінде толық қолдаймын», — дейді дінтанушы.
Әр елдің салты басқа демекші, мұсылман әйелдердің киім киісі әр мемлекетте әртүрлі екенін есте ұстаған абзал. Түсінікті болу үшін, мұсылман әйелдердің арасында кеңінен тараған төрт дрес-кодқа анықтама беріп өтейік.
Паранжа (Бурка) – бұл денені бастан-аяқ толық жауып тұратын киім. Адамның көзі де тормен жабылып тұрады. Паранжа кию Ауғанстанның пуштундары арасында тараған.
Никаб – бұл да паранжаға өте ұқсас киім, бүкіл денені жауып, тек әйелдің көзі көрініп тұрады. Никаб кейбір діни ағымдардың әсерінен пайда болған дрес-код, әсіресе қалалық жағдайда кең тараған.
Хиджаб – бұл орамал, денені жабатын киім емес. Хиджабтан адамның бет-ауызы көрініп тұрады, шашы, құлағы, мойынын жабады. Мұсылман әлемінде кеңінен қолданылады.
Чадор — Иран, Ауғанстан халқы киетін ұлттық киім. Ол адамның басыннан бастап жауып тұрған шапан секілді. Әйелдің беті ашық болады.
Еліміздегі тағы бір дінтанушы Болатжан Әл-Фараби хиджаб пен никаб дресс кодына тоқталып, кеңінен түсінік беруге тырысты.
«Араб елдерінде ыстық әрі құмды борандар болады. Содан бетін бүркемелеп, қорғану үшін әйелдер никаб киеді. Бірақ қызығы Меккеге қажылыққа барған кезде, никаб тағуға болмайды деген тыйым бар. Демек Меккеге кірген кезде ондай әйелдер беттерін көрсетіп, қолғаптарын шешу керек. Хиджаб деген сөз Құранда 7 рет кездеседі. Бірақ бірде-бір рет әйелдің киімі ретінде айтылмайды. Оның мағынасы Құранда «шымылдық» немесе «перде» деген мағына береді. Құранда Құдай адамдармен шымылдық арқылы сөйлесті деген сөз бар. Бірақ ол әйел киімі ретінде айтылмаған. Ал никаб деген сөз Құранда мүлде кездеспейді», — дейді дінтанушы Болатжан Әл-Фараби.
Америкалық Cornell University университеті онлайн кітапханасының зерттеу материалдарының мәліметінше, шариғат заңы әйелге паранжа киюді міндеттемеген. Паранжа кейбір елдерде әдеттегі тұрмыстық киім болып саналады. Исламдағы әйелдердің киіміне қойылатын басты талап — қарапайым болуы.
«Киімнің қарапайым болуы дегенді әртүрлі интерпретацияланады. Оның мағынасы кең. Сондықтан кейбәр әйелдер көзін ғана көрсетіп, толық жабық киінсе, кейбірі беті мен қолын көрсетіп қана қоятын киім киеді. Ал тағы біреуі кеуде тұсы мен басы жабық тұрса болады деп есептейді, кейбірлер мүлде қағиданы сақтамауы мүмкін», — делінген зерттеуде.