Астанада 2025 жылғы 20–25 қазан аралығында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған Екінші шахмат олимпиадасы өтуде. 29 елден келген 34 команда Паралимпиадалық жаттығу орталығында бас қосып отырғаны – шахматтың біріктіре, шабыттандыра және кез келген кедергіні жоя алатынына дәлел, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық қатысушылар өздерінің өмірлік оқиғаларымен бөлісіп, онда рух күші, ойынға деген сүйіспеншілік пен жақындарының қолдауы қиындықтарды жеңуге және өмірден қуаныш табуға көмектеседі.
Шахмат — еркіндікке апарар жол
Қазақстан құрамасының ең жас мүшесі Нұрғиса Қуанышұлы үшін шахмат жай ойын емес, өзін білдірудің тәсіліне айналды. 12 жасында ол көру қабілетінде бұзылысы бар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Нұрғиса туғанынан оң көзіне туа біткен глаукома диагнозы қойылған және үшінші топтағы мүгедектігі бар, бірақ бұл оған өзін өзгелермен тең сезінуге кедергі келтірген емес.
«Мен тек мүмкіндігі шектеулі адамдар арасындағы турнирлерде ғана емес, дені сау адамдармен де ойнаймын. Айырмашылық жоқ», — дейді ол. Шахмат оған сенімділік, достар және саяхаттау мүмкіндігін сыйлады. Қазақстан чемпионатындағы алғашқы жеңісі мен әлем чемпионатындағы жүлделі орны оның өміріндегі ең жарқын сәттерінің бірі болды. «Маған жай ғана турнирлерде ойнау, жеңу және орын алу ұнайды», — дейді Нұрғиса.

Қазақстан №3 командасының мүшесі Еңлік Егімбаева шахматқа бар болғаны бес жыл бұрын келген, бірақ 2024 жылы рапид бойынша бірінші, классика бойынша екінші орынды иеленген. Оның жолы дойбыдан басталған, бірақ шахмат оны толығымен баурап алды. Үш жасында алған жарақат салдарынан көру қабілеті төмендеп, Еңлік ұзақ уақыт бойы өзіне сенімсіздікпен күрескен.
«Бұрын қатты қысылатынмын. Ал мүмкіндігі бар адамдармен араласа бастағанда, өзімде бәрі жақсы екенін түсіндім», — дейді ол.
Шахмат оған өзіне деген сенімін қайтарып, өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік берді. Енді ол саяхаттап, жарыстарға қатысады және өзгелерге шабыт береді.
«Маған мотивацияны анам мен қызым береді. Мен олардың қуанғанын қалаймын», — дейді Енлік.

Күш — өзіңді жеңуде
2024 жылғы әлем чемпионы Әлімжан Аяпов шахматты өзінің әлеуетін ашудың жолы деп санайды. Физикалық шектеулеріне қарамастан, ол бұл ойынды тең мүмкіндік сыйлайтын сала ретінде бағалайды.
«Шахматта бәрі ойын деңгейіне байланысты, физикалық мүмкіндігіңе емес», — деп атап өтеді ол.
Әлімжан бес жасында әкесімен және атасымен ойнай бастаған, кейін оларды да жеңіп шыққан. Оның жолы жеңіл болмаған: күнделікті физикалық жаттығулар ауырсыну әкеледі, бірақ шахмат оған өзін өзгелермен тең сезінуге мүмкіндік береді.
«Тіпті бірдеңе шықпай жатса да, өзіңді жеңу керек, күш салсаң — табыс келеді», — дейді Әлімжан.

Қазақстан №3 ардагерлер командасының капитаны, халықаралық шебер Мұрат Жүнісов шахматқа 53 жылын арнаған. Ол көру қабілетінің бұзылуымен туған, бірақ бұл оған мектепті алтын медальмен бітіруге және екі мәрте әлем чемпионы болуға кедергі болмаған. «Мен қалыпты ортада тәрбиелендім, бұл маған рух берді», — деп еске алады Мұрат. Оның ойынша, шахмат — спорт қана емес, интеллектіні тәрбиелеудің тәсілі. Ол Қазақстанның Олимпиаданы қабылдап жатқанына мақтанады:
«Менің Отаным осындай ауқымды шараның иесі болды. Бұл — үлкен абырой», — дейді ол.
Оның өмір жолы — табандылық пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің кез келген кедергіні жеңуге көмектесетінің айғағы.

FIDE шебері Серік Сұлтанов шахматты жүйелілікті дамытатын құрал деп біледі. Ол бала кезінде әкесінің басшылығымен ойнауды үйреніп, кейін шахмат үйірмесіне қатысқан. Мүгедектігіне қарамастан, ол шектеулерге назар аудармайды. «Шахмат проблемалардан арылуға көмектеседі. Ол адамды қоғамға бейімдеп, өзіңнің бағаланатыныңды сездіреді», — дейді Серік.
Оның басты жеңісі — тек шахматтағы жетістіктері емес, отбасы мен балалары. Олар оған алға жылжуға шабыт береді.

«Жұмысқа, жеңіске және жеңіліске де өз уақытың бар екенін түсіну — ең маңыздысы», — деп кеңес береді ол жастарға.
Олимпиада — инклюзия символы
Астанадағы Олимпиада есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған ойыншыларды біріктіреді. Әр команда аралас құрамнан тұрады және әйелдердің қатысуы міндетті. Бұл теңдік пен инклюзия қағидаттарын көрсетеді. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов атап өткендей:
«Шын мәнінде, бұл Олимпиада тек спорт туралы емес. Бұл — күн сайын тағдырды жеңетін адамдардың үлкен тарихы. Нағыз күш — физикалық қабілетте емес, рухта, өз-өзіңе сенімде және алға деген ұмтылыста. Шахмат кез келген кедергіні еңсеруге, өзіңді үлкен әлемнің бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Мұнда ең бастысы — сенің мінезің», — деді ол.
Қатысушылар тек жарысып қана қоймайды — олар тәжірибе алмасып, достасады және көкжиектерін кеңейтеді.

Қазақстандық шахматшылар үшін Олимпиада — өзін әлемге танытудың мүмкіндігі. Нұрғиса гроссмейстер атанып, шахмат үйретуді армандайды. Енлік барлық ойыншыларға сәттілік тілейді, бірақ өзі үшін жанкүйер. Әлімжан келесі әлем чемпионатында өз атағын қорғауды мақсат етеді. Ал Мұрат пен Серік өз даналығымен бөліседі: жеңіліс — жолдың бір бөлігі, ал шахмат адамды қайта тұрып, алға жүруге үйретеді. Бұл оқиғалар шахматтың жай ғана ойын емес екенін көрсетеді. Ол ерекше қажеттіліктері бар адамдарға саяхаттауға, жеңіске жетуге, серіктес табуға және өмірден қуаныш алуға мүмкіндік береді. Астанадағы Олимпиада — рух күші мен ерік-жігер мерекесі, мұндағы әрбір жүріс — өзіңді жеңуге жасалған қадам.

