Шерзат Болатты (Полатты) өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан процесс барысында судья Ержан Жанұзақов блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларына ресми ескерту жасады,деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Оның айтуынша, тергеу мен сот барысын ашық түрде талқылау, әсіресе құқықтық баға беру – сотқа қысым көрсету әрекеті ретінде бағалануы мүмкін.
«Әлеуметтік желілерде бұл іске қатысы жоқ азаматтар мен блогерлер тергеу әрекеттері мен сот барысына қатысты жеке пікір білдіріп, субъективті баға беріп жатыр. Конституцияның 75-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстанда сот төрелігі тек сотпен жүзеге асырылады. Сот қызметіне араласуға ешкімнің құқығы жоқ және мұндай әрекеттер заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін», – деді судья.
Судья Жанұзақов процестің әділ әрі заң шеңберінде өтуі үшін қоғамға түсіністік таныту қажеттігін еске салды. Ол сот шешімі заңды күшіне енбейінше, оған құқықтық баға берудің және қоғамдық пікір қалыптастырудың заңға қайшы екенін баса айтты.
«Сот барша дәлелдер мен дәйектерді айыптау және қорғау тарапынан толық және жан-жақты зерттеуге міндетті. Істі қарайтын судья тәуелсіз, бейтарап болуы керек және қандай да бір тараптың ықпалына түспеуі тиіс. Шешім тек заң негізінде қабылданады», – деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін аталған іс бойынша сот отырысындағы кемшіліктер жайлы танымал адвокат Джохар Өтебеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірген болатын. Бұл жазба қоғамда қызу талқыға түскен еді.