Талғар қаласының шетінде 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша байланысы бар ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Todayinfo Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, Талғар қаласы маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылған. Алдын ала деректерге сүйенсек, ол асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.
— Марқұм ағымдағы жылдың 4 қазанында қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталған жоқ, — делінген ресми хабарламада.
Облыстық полиция департаменті Шерзат Болат қаза болғаннан бері оның отбасы полицейлердің қорғауында болғанын атап өтті. Осы уақыт аралығында марқұмның отбасына қандай да бір қауіп-қатер төнбеген.
— Қорғауды жүзеге асырған қызметкерлердің айтуынша, ер адам сағат 23:30 шамасында күзетілген аймақтан шығып, жеке көлігімен кетіп қалған. Тергеу мүддесіне сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды. Қосымша мәліметтер келіп түскен сайын хабарланатын болады, — деп мәлімдеді полиция.
Полиция тек ресми дереккөздерге сенуді және жалған ақпарат таратқан жағдайда жауапкершілікке тартылатынын, тіпті қылмыстық жаза қолданылатынын ескертті.
Еске сала кетейік, 16 жастағы Шерзат Болаттың қатыгездікпен өлтірілуі 4 қазанға қараған түні Талғарда орын алған еді. Бұл қылмысқа күдікті ретінде 11 адам ұсталып, қамауға алынды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов тергеуді жеке бақылауына алған болатын. Сондай-ақ Талғарға ІІМ-нің арнайы тобы жіберілген еді.
Шерзат Болаттың өліміне қатысты басты деректер белгілі болды
Осы оқиғадан бірнеше күн өткен соң, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасы тұратын үйге өрт қойылған болатын. Бас прокуратура үйді өртеген кінәлілерді табуға уәде берген еді.