Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Шерзат Полаттың отбасына қолдау көрсету үшін демеушілер тарапынан үй салу ұсынысы бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Үй мәселесі шешім табуда
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Шерзат Полаттың отбасымен жергілікті әкімдіктер мен тиісті құрылымдар толық байланыста. Олар мәселені шешу үшін барлық мүмкіндікті қарастыруда.
«Бұл отбасының үй мәселесі, көмек көрсету бойынша мәлімет берілген болатын. Қазіргі таңда меценаттар мен демеушілеріміз үй салуға дайын. Егер отбасы келісім беріп, қажетті құжаттарын дайындаса, жұмыстарды бастап кетеміз. Әзірге қыс мезгілінде құжаттарды реттеп алайық деген ұсыныс айтылды», – деді әкім.
Талғардағы жағдай және халықты сабырға шақыру
Облыс әкімі бұған дейін Талғардағы оқиғаға байланысты халыққа үндеу жасап, сабырлық танытуға шақырған болатын. Әкімдік тарапынан отбасына қолдау көрсету үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Үй салу бастамасына демеушілер мен меценаттар бірден қолдау білдірген.
Еске сала кетейік
Бұл мәселе Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты оқиғадан кейін көпшіліктің назарына ілікті. Нұрғанат Ғайыпбаевтың жерлеу рәсіміндегі әрекеті үшін Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.