Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық келісім, ұлттық бірлік және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Todayinfo.
Президент конструктивті сын мен арандатушылықты ажыратудың маңыздылығын атап өтті.
«Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Біз этносаралық келісім мен бейбітшілікке сызат түсіретін кез келген арандатуға бұған дейін де жол берген жоқпыз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз», – деді мемлекет басшысы.
Президент бірқатар құқық қорғау ұйымдары мен жекелеген блогерлердің әрекетіне де назар аударды. Оның айтуынша, мұндай топтар әр оқиғаға саяси реңк беріп, ел ішінде тұрақсыздық тудыруға тырысады.
«Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев демократия мен сөз бостандығын сырттан сатып алуға болмайтынын, ел ішіндегі кез келген мәселе ұлттық мүдде мен заңнамалық нормалар аясында шешілуі тиіс екенін айтты.
«Жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленді. Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді. Сондай-ақ кейбір танымал қазақстандық грант алушылардың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды. Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз», – деді мемлекет басшысы.
Президент идеологиялық өшпенділіктің қазақ қоғамының болмысына жат екенін ескертіп, ұлттың тұтастығы мен бейбітшілігін сақтауда әр азаматтың жауапкершілігін ерекше атап өтті.
«Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейд», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда