Жетісу облысында Алакөл мемлекеттік қорығының директоры Қ. Әбілқасымов, оның орынбасары Н. Бейсенов және бөлім басшысы Р. Шалапанов сотталды. Олар жергілікті тұрғындардан мемлекеттік қорықтан шөп шапқандары үшін пара алып отырған, деп хабарлайды Todayinfo.
Антикор мәліметінше, олар қызмет көрсетілетін аумақта заңсыз шөп шабу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпаған. Керісінше, жергілікті тұрғындармен алдын ала сөз байласу арқылы пара алып отырған.
«Әбілқасымов пен Шалапановтың әрқайсысына 10,5 млн теңге, ал Бейсеновке 15,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Осы үкіммен, Алакөл ауданының тұрғындары О. Булгунчинов мен К. Канагатов аталмыш лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін сәйкесінше 6 млн теңге және 2,2 млн теңге айыппұлға сотталды.
ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады», — делінген хабарламада.
Сотталғандарға өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне енді.