Шу қалалық ауруханасында 26 жастағы келіншекті дәрігерлер шұғыл босандырмақ болған кезде өлтіріп алған, деп хабарлайды Todayinfo.
Жамбыл облысындағы ана өлімі жайлы денсаулық сақтау басқармасы мәлімет берді. Олардың сөзінше, емдеу кезінде ананың қас қысымы көтеріліп кеткен.
«Ағымдағы жылдың наурыз айында Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасында ана өлімі тіркелді. Жүкті әйел 06.03.2025 жылы ауруханаға бүйрек инфекциясы және жүктіліктен туындаған ісіну диагнозымен түсті. Стационарда қойылған диагноздарға сәйкес тексеру, ем қабылдап жатқан. Сол мезетте ауруханада қан қысымының көтерілуі тіркеліп, қосымша тексерулер жүргізілді», — делінген Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының Todayinfo тілшісіне берген жауабында.
10 наурыз күні жүргізіліп жатқан емдеу-диагностикалық іс-шаралар аясында, науқас жансақтау бөліміне түсіп қалған.
«Жүктіліктің ауыр асқынуы қосылды, пациент қарқынды терапияға ауыстырылып шұғыл босану жүргізілді. Науқастың ем шаралары Республикалық деңгейіндегі ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығы мамандарымен және санитарлық авиация желісі бойынша облыстық медициналық мекемелердің мамандарымен бірлесіп жүргізілді. Қарқынды ем шаралар жүргізілгеніне қарамастан, 22.03.2025 жылы науқас көз жұмды», — делінген хабарламада.
Ана өлімі тіркелген факт бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасында жұмыс тобы құрылып, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен тексеру, құқық қорғау органдарымен тергеу іс-шаралары жүргізуде. Тексеру нәтижелері мен сараптама қорытындылар кейінірек жарияланады.