Бүгін Қазақстан Парламентінің Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев Шымкент қаласындағы ауруханада жатқан Руслан Берденовке арнайы барып, оның хал-жағдайымен танысты. Бұл туралы депутат әлеуметтік желіде жариялады,деп хабарлайды Todayinfo.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда Руслан реанимация бөлімінде, жағдайы – орташа ауыр, алайда сана-сезімі анық, сөйлей алады және жігерлі күйде. Депутат оған әріптестерінің сәлемін жеткізіп, рух берді.
«Шыдай алмай маңдайынан иіскедім. Нағыз азамат. Жарайсың, Руслан!» – деп жазды Болатбек Әлиев.
Болатбек Әлиев бір мандатты сайлау округінен сайланған депутат ретінде оқиға орны – Шымкент қаласына арнайы барғанын айтты. Ол қоғамда үлкен резонанс тудырған атыс оқиғасына байланысты:
«21 сәуір күні әкімдік ғимараты маңында орын алған атыс баршамызды алаңдатты. Бұл – аса ауыр қылмыс», – деп атап өтті.
Депутат қазіргі таңда түрлі алаяқ сөздер мен негізсіз болжамдардың таралып жатқанын, бірақ ресми тергеу нұсқасы – жалғыз дұрыс бағыт екенін айтты.
«Бұл істе соңғы сөзді сот пен заң айтады», – деді ол.
Депутат тергеу амалдарының ресми әрі заң шеңберінде жүріп жатқанын да қадап айтты.
Сөз соңында Болатбек Әлиев Руслан Берденовке тез сауығуын тілеп, ел мен қала алдындағы қызметін абыроймен жалғастыра беруіне сенім білдірді.