Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында туристердің ережені бұзуынан қар көшкіні жүріп, екі шаңғы трассасы жабылды, деп хабарлайды Togayinfo.kz.
Оқиға қалай болды?
Қар көшкіні 10 наурыз күні таңғы 9:58-де Школьник тауында, Комби-2 аспалы жолының маңында болған. Курорттың жедел басқару орталығына көшкін туралы хабар 10:02-де түскен. Құтқару қызметі оқиға орнына жедел жетіп, көшкін аймағын тексерді.
Іздестіру жұмыстары барысында зардап шеккендер мен қаза тапқандар анықталған жоқ.
Тыйым салынған аймаққа шыққан туристер іздестірілуде
Қар көшкініне үш шаңғышының қауіпті аймаққа шығып, ескерту белгілерін елемеуі себеп болғаны анықталды. Олар қоршауды бұзып, тыйым салынған аймаққа кірген. Қазіргі уақытта курорттың қауіпсіздік қызметі оларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Оқиғадан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, Комби-2 және Сол Талғар трассалары уақытша жабылды. Ал Комби-2 аспалы жолы тек жаяу жүргіншілер үшін ғана жұмыс істеп тұр.
Шымбұлақ әкімшілігі ескерту белгілерін қатаң сақтауға шақырады:
«Ескерту белгілерін елемеу – тек өз өміріңізге ғана емес, айналаңыздағы адамдарға да қауіп төндіреді. Қауіпті аймақтардың жабылуы апаттардың алдын алу үшін жасалады. Өзіңізді және өзгелерді сақтаңыз!»