Фото: Ontustiktv.kz
Шымкентте 20 күн бұрын жоғалып кеткен Бәйдібек Ақмырзаұлының денесі табылды. Жас жігіт 2025 жылдың 14 қаңтарында Түркістан облысы Ордабасы ауданынан Шымкентке жүргізуші куәлігін алуға барған, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Соңғы байланыс
Сол күні сағат 14:37 шамасында ол досын әуежайға шығарып салған.
«15:22-де «Қатын көпір» аялдамасы маңында оның бір ұялы телефоны өшкен, ал 16:00 шамасында екінші телефоны да байланыс аясынан тыс қалған. Соңғы рет әкесімен желі арқылы байланысып, ауылға қайтатынын айтқан. Осыдан кейін одан еш хабар болмады», – дейді туыстары.
16 қаңтарда полицияға арызданды
Жоғалған азаматтың туыстары екі күннен кейін, 16 қаңтарда Тұран аудандық полиция бөліміне арыз түсірген. Құқық қорғау органдары Бәйдібек Ақмырзаұлын іздестіру жұмыстарын бастағанымен, жас жігіттің денесі 20 күн өткен соң табылды.
Оқиғаның мән-жайы мен өлімнің нақты себебін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.