Шымкенттегі түрмеде тұтқын жұмбақ жағдайда қайтыс болды. 37 жастағы азаматтың туыстары мекеме қызметкерлері оны ұрып өлтірген деп отыр.
Фото: pixabay.com
Құқық қорғау органдарының өзі оның ұзаққа созылған сырқаттан қайтыс болғанын айтады. Күзет мекемесі басшысының дерегінше, бопсалау фактісі бойынша 3,5 жылға сотталған азамат түрмеге түскен сәттен бастап асқазан ауруымен ауырған. 5 рет медициналық көмекке жүгінген. Ол соңғы рет 3 қыркүйекте ауруханаға түсіп, кейін қайтыс болды.
Қазір медициналық қызметкерлер мен түзеу мекемесінің қызметкерлеріне қатысты ішкі аудит жүргізіліп жатыр. Ер адам бір ай бұрын темір торға тоғытылған. Марқұмның артында әйелі мен үш баласы қалды. Қандай бап бойынша қылмыстық іс қозғалатыны сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.
«Қазір тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, тиісті органдарда тергеледі. Әрине, марқұмның туыстары бізге сенбейді. Бәлкім, олар оны ұрды деп ойлайтын шығар. Тексеру қорытындысы туыстарына хабарланады», — дейді қылмыстық атқару жүйесінің Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша департаментінің № 54 мекемесінің басшысы Серікбай Дүйсенов.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Леңгір қаласындағы №55 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан балаларымызды азаптап жатыр деген ата-аналар шу шығарды. Ата-аналардың айтуынша, абақты басшылығы жазасын өтеушілерге күн көрсетпейді екен. Сондықтан түрмедегі жазасын өтеушілер арасында өзіне қол салу жағдайлары жиілеген. Түзеу мекемесіндегі сотталушылар туыстарына видеоүндеу жолдап, көмек сұраған.