Фото: ІІМ
Ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) бірлесіп, заңсыз айналымдағы қару-жарақты, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруларды анықтау және тәркілеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Қару-жарақты тәркілеу бойынша нәтижелер
Ресми деректерге сәйкес, жаппай тәртіпсіздік кезінде 2960 дана табельдік және азаматтық қару ұрланған. Соңғы үш жыл ішінде жүргізілген жедел іс-шаралар, тінту және рейдтердің нәтижесінде:
- 8 мыңға жуық атыс және травматикалық қару,
- 831 граната,
- Түрлі калибрлі 112 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.
Сонымен қатар, қару-жарақ жасырылған 722 орын анықталған.
ІІМ ресми өкілі, департамент бастығы Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, қазіргі таңда Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1226 қарудың шығу тегі нақты анықталған. Алайда қалған 6765 қару қылмыскерлер тарапынан тіркеу нөмірлері әдейі жойылғандықтан, оларды анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалған.
Күдіктілерді анықтау және тергеу барысы
Қаңтар айында Шымкент қаласының шетінде, зират маңында қару жасырылған орын табылып, 4 тегіс ұңғылы мылтық пен түрлі оқ-дәрілер тәркіленді. Бұл қарулардың арасында Алматы қаласындағы қару-жарақ дүкенінен Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар да бар.
Ал Қостанай облысында, бұрын сотталған жергілікті тұрғынның жертөлесінен 3 Калашников автоматы тәркіленді. Бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ мен ҰҚК заңсыз қару айналымының алдын алу мақсатында қару-жарақты тәркілеу бойынша кешенді шараларды жалғастыруда.