Фото: Қызылорда облысының әкімдігі
Бақтияр Артаев Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы болып тағайындалды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтті, деп хабарлайды Todayinfo.
Жиында аймақ басшысы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының жаңа басшысы Артаев Бақтияр Ғарифоллаұлын таныстырды.
«Мемлекет басшысы отандық спорт саласын кешенді реформалау арқылы бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуды тапсырды. Ол үшін бізге өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, мықты басшылар, үздік менеджерлер керек. Осы орайда, Туризм және спорт министрлігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы лауазымына Артаев Бақтияр Ғарифоллаұлы тағайындалды. Бақтияр Ғарифоллаұлы – барлығыңызға жақсы таныс, өз ісінің білікті маманы, мықты менеджер. Спорт саласының жандануына орасан зор үлес қосқан азамат», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Бақияр Артаев 2004 жылы Афина Олимпиадасының чемпионы. Вэл Баркер Кубогының иегері, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасының 7 дүркін чемпионы.