Түркістан облысының Создақ ауданы отандық кәсіпкерлікті дамыту бойынша өңірде көш бастады. Мемлекеттік-жекеменшік жобалар мен ішкі нарықтың өнімдерін дамыту бойынша жеңілдетілген несиелеу де жоғары көрсеткішке ие, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Созақ ауданында биыл жыл басынан бері 179 млрд 568 млн 400 мың теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілген. Жалпы өңірдегі негізгі көрсеткіштер жыл сайын жоғарылап, өсім байқалады. Былтыр жыл қорытындысы бойынша аудан — өнеркәсіп өнім көлемі мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының көрсеткіштері бойынша облыста көш бастаған. Бұл жайында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков мәлімдеді.
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылы пайдалануға берілген. Сондай-ақ, аудан орталығы Шолаққорғаннан Түркістан қаласына қарай бағыттағы жол бойында республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде», — деді Түркістан облысы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Сонымен қатар, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Жалпы бағдарламаға былтыр 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 млрд 169 млн 410 мың теңгеге несие алған. Сондай-ақ, аудан әкімі өңірдегі инфрақұрылым саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
«Қазіргі таңда Созақ ауданына қарасты 33 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 21-і 24 сағат бойы тоқтаусыз ауыз суға қосылса, 5 елді мекенге кесте бойынша беріледі. Сондай-ақ, табиғи газға қосылу бойынша да біршама тындырымды істер қолға алынған. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтылады», -деді Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Тұрысбеков.